Терроризмге қарсы күрес Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.
Қазақстан (2019 жылы) БҰҰ-ның терроризмге қарсы 19 әмбебап құжатын (конвенциялары мен хаттамаларын) толық ратификациялап, оларды ұлттық заңнамаға имплементациялаған алты елдің қатарына кіреді. Бұл елдердің қатарында Доминикан Республикасы, Кот-д’Ивуар, Түркия, Куба және Португалия бар.
Қазақстан аумағында 21 ұйым, оның ішінде «ИГИЛ» және «Аль-Каида», экстремистік және террористік деп танылып, олардың қызметіне тыйым салынған. Олардың қызметіне қатысу немесе қолдау көрсету қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазақстан БҰҰ-ның Жаһандық контртерроризм стратегиясын (ЖКС) жүзеге асыруға белсенді атсалысады. 2011 жылы Орталық Азияда ЖКС-ны іске асыруға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды, бұл өңірлік деңгейдегі алғашқы құжаттардың бірі болды.
Қазақстан БҰҰ-ның Терроризм қарсы басқармасымен бірлесіп, терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалар техникалық көмек көрсету, ұлттық мамандардың біліктілігін арттыру, құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру және құқық қолдану практикасын жетілдіру сияқты бағыттарды қамтиды. Көптеген бағдарламалар өңірлік деңгейде жүзеге асырылуда.
Қазақстан үшін басым бағыттар ретінде шетелдік террористік жауынгерлер (ШТЖ) мен олардың отбасы мүшелері тарапынан туындайтын қауіптерге қарсы тұру, оларды «репатриациялау, оңалту және қайта интеграциялау» (3R), жастар арасында радикалданудың алдын алу, сондай-ақ интернетте заңсыз ақпараттың таралуымен күрес салалары айқындалған.