Қазақстан Республикасы ядролық қарусызданудың дәйекті жақтаушысы болып табылады және барлық мемлекеттердің жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін қатаң сақтауын жақтайды.
Қазақстан әлемдегі ядролық сынақтардың салдарын өз басынан кешірген санаулы елдердің бірі. Қазақстан жерінде барлығы 456 ядролық жарылыс (атмосфералық, жерүсті және жер асты жарылыстарын қоса алғанда) жасалды. Әртүрлі бағалаулар бойынша, сынақтардың салдарынан 1,5 миллион адам зардап шекті және 304 мың шаршы км аумақ радиоактивті ластануға ұшырады.
1991 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.
Қазақстан сондай-ақ КСРО-дан мұраға қалған әлемдегі төртінші зымыран-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. 1994 жылы Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) ядролық қарусыз мемлекет ретінде ресми түрде қосылды.
2009 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды – Семей полигоны жабылған күнді – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні деп жариялады.
Ядролық сынақтарды жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қатысушысы болып табылады және оның тезірек күшіне енуін және осы шарттың верификация механизмін күшейтуді жақтайды.
2006 жылы Семейде Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймақ туралы шартқа («Семей шарты») қол қойылды. Қазақстан ядролық қарусыз аймақтар (ЯҚСА) концепциясын белсенді түрде қолдап, олардың басқа өңірлерде де құрылуын жақтайды.
2015 жылдың 7 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу туралы ұмтылысты көрсететін әмбебап декларацияны көпшілік дауыспен қабылдады.
Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) белсенді қатысушысы болып табылады. 2025 жылдың 3-7 наурызы аралығында Нью-Йоркте Қазақстанның төрағалығымен ЯҚТСШ қатысушы мемлекеттердің үшінші конференциясы өтті, оның қорытындысы бойынша саяси Декларация қабылданды.
2023-2025 жылдары Қазақстан мен Кирибатидің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ядролық қару мұрасы мәселесін шешу: ядролық қаруды қолдану немесе сынақтарынан зардап шеккен мемлекеттерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру» атты резолюция қабылданды. Бұл резолюция тарихи контекстті ескергенде ерекше маңызға ие, сондай-ақ ядролық қаруды қолдану салдары туралы еске салады және ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін халықаралық жауапкершілік пен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Резолюцияның басты мақсаты – ядролық сынақтар мен қолдану салдарынан келтірілген зиянды жою және болашақтағы ықтимал залалдардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту.