Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік (IRENA) (бұдан әрі – Агенттік) 2009 жылы құрылған және бүкіл әлемде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейтуге, сондай-ақ осы саладағы білім мен технологияларды ілгерілетуге жәрдемдесетін үкіметаралық ұйым болып табылады. Агенттік Германия Үкіметінің бастамасымен 2009 жылғы 26 қаңтарда Бонн қаласында құрылды. Құрылтай конференциясында 75 мемлекет Агенттік Жарғысына қол қойды. Жаңа ұйымды құру барысында Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) үлгі ретінде алынды. 2010 жылғы 25 қазанда IRENA мен Біріккен Араб Әмірліктері Агенттіктің штаб-пәтерін Әбу-Даби қаласында орналастыру туралы келісімге қол қойды. Ұйым Жарғысы 2010 жылғы 8 шілдеде күшіне енді. Қазіргі уақытта 168 мемлекет IRENA мүшесі болып табылады, ал 16 мемлекет Агенттікке қосылу үдерісінде. Агенттіктің негізгі күн тәртібінің бірі – мемлекеттердің тұрақты энергетикалық болашаққа көшуіне және биоэнергетика, геотермалдық энергия, гидроэнергетика, мұхит энергиясы, күн және жел энергетикасын қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлерін кең әрі тұрақты пайдалануға қолдау көрсету болып табылады. Агенттік үкіметтерге жаңартылатын энергия көздерін енгізуді жеделдетуге арналған практикалық құралдар мен саяси ұсынымдар ұсынады. Агенттіктің негізгі іс-шарасы жыл сайын қаңтар айында Әбу-Даби қаласында өтетін Ассамблея болып табылады. Ассамблея Агенттіктің ең жоғары шешім қабылдайтын органы саналады және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаһандық күн тәртібін талқылау әрі жаһандық энергетикалық ауысуды жеделдету бойынша нақты қадамдар қабылдау үшін мемлекет басшыларын, министрлерді, мемлекеттік қызметшілерді, жеке сектор, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар өкілдерін біріктіреді. Қазақстан Республикасының Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттікпен (IRENA) ынтымақтастығы Қазақстан Агенттік Жарғысын 2013 жылғы 22 наурызда ратификациялағаннан кейін IRENA-ның толыққанды мүшесі болды. 2015 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының IRENA жанындағы алғашқы Тұрақты өкілі аккредиттелді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Елшісі Р.Жұмабек қоса атқару тәртібімен Қазақстан Республикасының IRENA жанындағы Тұрақты өкілі болып табылады. 2015 жылғы қаңтарда Агенттік Ассамблеясы барысында Қазақстан Республикасы Ассамблея вице-президенті болып сайланды, ал Жапония төрағалық етті. Қазақстанның аталған Ассамблея сессиясына қатысуы шеңберінде қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының «KAZENERGY» қауымдастығы мен IRENA арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. IRENA делегациясы EXPO 2017 көрмесіне белсенді қатысты. 2017 жылғы 11 маусымда IRENA-ның Орталық Азия елдерінің энергетика министрлерімен кездесуі аясында Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздерін жедел енгізу жөніндегі коммюнике қабылданды.
IRENA делегациясы 2019 жылғы 14-15 наурызда Астанада өткен Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері жөніндегі өңірлік семинарға қатысты.
Қазақстанның құзыретті мемлекеттік және жеке ұйымдары Агенттік Ассамблеясының жұмысына жыл сайын белсенді қатысады.
Атап айтқанда, 2020 жылғы 11-12 қаңтарда Әбу-Даби қаласында өткен Ассамблея жұмысына ҚР Энергетика министрлігінің, «KAZENERGY» ЗТБ, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС және БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар алғаш рет жастар мәселесі Ассамблея күн тәртібіне енгізілді. 2020 жылғы 10 қаңтарда «Шешім қабылдаушылардың жаңа буыны» атты жастар форумы өтіп, жастарға жаһандық энергетикалық дискурсқа нақты үлес қосу мүмкіндігі берілді. ҚР-ның БАӘ-дегі Елшілігінің қолдауымен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті М.Қарбаев форумға белсенді қатысты.
IRENA Бас директоры Франческо Ла Камера 2021 жылғы 4-8 қазан аралығында Астана қаласында өткен XIV Еуразиялық KAZENERGY форумына «World Energy Week-2021» және «Energy for Better Lives» тақырыптарында онлайн форматта қатысып, сөз сөйледі.
2022 жылғы 15-16 қаңтарда бейнеконференция форматында өткен Ассамблеяның 12-сессиясына ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері қатысты.
2023 жылғы 14-15 қаңтарда Әбу-Даби қаласында ҚР Энергетика вице-министрі Ж.Нұрмағанбетов бастаған қазақстандық делегация Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік Ассамблеясының 13-сессиясына қатысты. Ассамблеяға 168 елден делегаттар қатысты. Қазақстан Энергетика вице-министрі Ассамблеяның пленарлық отырысында баяндама жасады. Ол елде жаңартылатын энергия көздеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге, Тұрақты даму мақсаттарын ұстануға және Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға берік ұстанымы бар. Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан энергия көздерін әртараптандыруды жалғастырады. 2023 жылғы 12 сәуірде ҚР-ның БАӘ-дегі Елшісі М.Менілбеков Франческо Ла Камерамен екіжақты келіссөздер өткізді.
2023 жылғы маусымда «Астана» халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі «Өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамыту: энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі баламалы шешімдер» тақырыбында side event ұйымдастырды. Сессия спикерлері ретінде Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзода және IRENA-ның елдермен өзара іс-қимыл және әріптестік департаменті директорының орынбасары Бину Партан сөз сөйледі. Сонымен қатар Форум аясында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңартылатын энергия жобаларын іске асыру жөніндегі жол карталарына қол қойды:
- Жамбыл облысында China Power International Holding Limited (ҚХР) компаниясымен бірлесіп қуаты 1 ГВт жел электр станциясын энергия жинақтау жүйесімен салу жобасы бойынша іс-шаралардың күнтізбелік жоспары (Жол картасы);
- Masdar (БАӘ) компаниясымен бірлесіп Жамбыл және Қостанай облыстарында қуаты 1 ГВт-қа дейінгі жел электр станцияларын энергия жинақтау жүйесімен салу жобасы бойынша іс-шаралардың күнтізбелік жоспары (Жол картасы);
- ACWA Power Company (БАӘ) компаниясымен бірлесіп Жетісу облысының Жоңғар қақпасы ауданында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын энергия жинақтау жүйесімен салу жобасы бойынша іс-шаралардың күнтізбелік жоспары (Жол картасы). Сондай-ақ «Астана» халықаралық форумы аясында ҚР Энергетика министрі А.М.Сәтқалиев IRENA Бас директоры Ф.Ла Камерамен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен IRENA арасындағы одан арғы ынтымақтастықты және Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар Қазақстандағы ұйым қызметінің қазіргі бағыттарын, оның ішінде жаңартылатын энергия жобаларын қаржыландыру мәселелері бойынша консультациялық қолдау көрсету, технологиялар трансфертіне жәрдемдесу, мүше мемлекеттердің әлеуетін дамыту және қажетті байланыстарды қолдау мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ IRENA-ның негізгі бастамалары, оның ішінде Жаңартылатын энергия жөніндегі жаһандық атлас (Global Atlas for Renewable Energy) және әлемдік жаңартылатын энергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі жол картасы (REmap 2030) қарастырылды. 2024 жылы IRENA-ның 14-сессиясы өтті, ол екі бөлікте ұйымдастырылды: бірінші бөлігі – 2024 жылғы 15 қаңтарда виртуалды форматта өтті. Онда Агенттіктің болашақтағы жұмыс бағытын айқындайтын әкімшілік, институционалдық және бағдарламалық мәселелер талқыланды. Екінші бөлігі – 2024 жылғы 16-18 сәуірде Әбу-Даби қаласында (БАӘ) өтті.
Сессияның негізгі тақырыбы – «COP28 қорытындылары: жаңартылатын энергия көздерінің қуатын үш еселеу және энергетикалық ауысуды жеделдету үшін инфрақұрылым, саясат және дағдылар». Аталған сессияға үкімет өкілдері, энергетика саласының көшбасшылары және халықаралық ұйымдар қатысып, COP28 климаттық конференциясынан кейін жаңартылатын энергетиканы енгізуді жеделдетудің практикалық қадамдарын талқылады. 2024 жылғы 15-18 сәуір аралығында Әбу-Даби қаласында «Шешім қабылдаушылардың жаңа буыны» ұранымен Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) Бесінші жастар форумы өтті. Форум осы күндері өткен IRENA Ассамблеясының 14-сессиясының құрамдас бөлігі болды.
IRENA-ның 2024 жылғы Жастар форумы жастар желілерін нығайтуға және олардың инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшылармен, үкімет өкілдерімен және IRENA сарапшыларымен өзара байланысын күшейтуге бағытталды. Форум жастарға климаттық мақсаттарға қол жеткізу және тұрақты дамуды ілгерілету үшін жаңартылатын энергия көздерін енгізуді жеделдету жөніндегі Агенттік миссиясына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Ашық диалогтар мен тақырыптық семинарларды қоса алғанда, интерактивті сессиялар сериясы арқылы қатысушылар жаһандық энергетикалық дискурсқа жастар көзқарасын енгізуге мүмкіндік алды.
Іс-шара жастардың жаһандық және теңгерімді географиялық өкілдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ұйымдастырушылар ең аз дамыған елдерден, шағын арал мемлекеттерінен және дамушы елдерден жастардың өтінім беруін қолдайды.
2024 жылғы 2 шілдеде Әбу-Даби қаласында Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Елшісі Н.Мұхаметәліұлы IRENA Бас директоры Франческо Ла Камерамен кездесіп, оған сенім грамоталарын табыс етті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ұйым арасындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Тараптар сондай-ақ Қазақстанда IRENA өкілдігін ашу мәселесіне назар аударды. Ф.Ла Камераның айтуынша, бұл мәселеде негізгі рөлді Хатшылық емес, мүше мемлекеттер атқарады. Қазақстан тарапынан нақты қызығушылық болған жағдайда, Ассамблеяға ресми сұрау жолдауды ұсынды.
2025 жылғы 11 қаңтарда Әбу-Даби қаласында өткен IRENA Ассамблеясына Қазақстан тарапынан ҚР Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Жаслан Касенов қатысты.
Қазақстан жалпы қуаты 3032 МВт болатын жаңартылатын энергетика саласындағы 153 нысаннан тұратын портфельді таныстырды. Сонымен қатар ЖЭК-ті дамыту шаралары, инвестицияларды ынталандыру, ұзақ мерзімді келісімшарттар, тарифтер, 2030 және 2050 жылдарға арналған мақсаттар (2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу) және басқа да бастамалар ұсынылды.
Жаңартылатын энергетика секторын тұрақты дамыту үшін нарықты реформалаудың, заңнамалық және институционалдық жағдайларды жетілдірудің маңыздылығы атап өтілді.
2025 жылғы 2 қазанда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен IRENA халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қою рәсімі 2025 жылғы 2-4 қазан аралығында Астанада өткен XVI Еуразиялық KAZENERGY Kazakhstan Energy Week-2025 форумы аясында өтті.
Құжатқа ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев пен IRENA Бас директоры Франческо Ла Камера қол қойды.
2026 жылғы 10-12 қаңтарда Әбу-Даби қаласында «Powering Humanity: Renewable Energy for Shared Prosperity» («Адамзатты қуаттандыру: ортақ әл-ауқат үшін жаңартылатын энергия») атты IRENA Ассамблеясының 16-сессиясы өтті.
Сессияның негізгі тақырыптары жаңартылатын энергия көздерін енгізуді жеделдету және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі ұлттық және халықаралық стратегиялар, жаһандық мақсаттарды мониторингтеу («UAE Consensus» – 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия қуатын үш есеге арттыру және энергия тиімділігін екі еселеу жөніндегі халықаралық келісім бойынша жаңартылған деректер мен болжамдар), жел және геотермалдық энергетиканы қолдау, күн энергетикасы жобалары мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы синергия, агроазық-түлік тізбектеріндегі энергетикалық шешімдер, желілер мен энергия сақтау жүйелерін жаңғырту, инновациялар және цифрландырудың (соның ішінде жасанды интеллекттің) рөлі болды.
Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Елшісі Р.Жұмабек қатысты.