Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдтың бірлескен мәлімдемесі

Астана және Вена, 2024 жылғы 29 тамыз

 

  1. Қазақстан Республикасының бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы құрған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнінде ядролық сынақтардан азат әлем құруға өзіміздің бейілдігімізді растаймыз және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді жандандыруды жалғастырамыз.
  2. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын жабуы жөніндегі шешімі қуатты саяси серпіліс туғызды және 1996 жылы ЯСЖТШ-ның қабылдануына ықпал еткен жаһандық күш-жігерде шешуші рөл атқарды. Сол кезеңнен бастап Қазақстан Шартты және оның тексеру режимін дәйекті түрде қолдап келеді.
  3. Соңғы жылы ЯСЖТШ-ны әмбебаптандыруда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Шартқа 187 мемлекет қол қойды және 178 ел ратификациялады. Соңғы 12 айда Папуа Жаңа Гвинеяның ЯСЖТШ-ны ратификациялауы және Сомалидің оған қол қоюы біз үшін қуанышты жайт. Бұл жетістік барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігеріне негізделген әрі ортақ ісімізге қосымша серпін береді. Шарттың әрбір қосымша міндеттемесі ядролық сынақтарға қарсы белгіленген қатаң норманы күшейтуге бағытталған.
  4. Біз ЯСЖТШ-ның тексеру режимінің қалыптасуының аяқталу мәселесі ілгері басып жатқанына да қанағаттанушылық білдіреміз. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша 306 қадағалау станциясы мен радионуклидті зертханасы сертификатталған және жұмыс істейді, ал желі 90 пайызға жабдықталған. ЯСЖТШҰ халықаралық бақылау жүйесі (ХБЖ) бейбітшілік пен қауіпсіздікке жағдай туғызатын, сондай-ақ бейбіт ғылыми жобаларға үлес қосатын бірегей жаһандық актив. Қазақстанның ЯСЖТШ тексеру режимін нығайтуға қосқан іс жүзіндегі үлесі ХБЖ шеңберінде орналасқан бес станцияның үлгісімен айқын көрінеді.
  5. Сондай-ақ, біз Шри-Ланкада өткізілетін ЯСЖТШҰ жоспарлаған ең үлкен практикалық іс-шараны және Қазақстандағы IFE08 және Иорданиядағы IFE14-тен кейінгі белгілі бір тұрғыда үшінші жаттығу болып табылатын кезекті кешенді далалық инспекциялық жаттығуларды (IFE25) ұйымдастыруды тағатсыздана күтеміз. Инспекция сол жерде Шарт күшіне енгеннен кейінгі тексеру режимінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып, ядролық сынақ жарылысының болған/болмағанын түпкілікті растауды қамтамасыз етеді.
  6. Біз ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) сәйкес ядролық қаруды таратпау және қарусыздану режимінің жетекші тірегі ретіндегі ЯСЖТШ рөлін растаймыз. ЯСЖТШ біздің ядролық қару сынақтарынан азат әлемге ұмтылысымыздың тиімді әрі практикалық шарасы ретінде танылады. Қазақстан жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпаудың дәйекті жақтаушысы ретінде 2024 жылы ЯҚТШ 11-ші Шолу конференциясына Дайындық комитетінің 2-ші отырысына табысты төрағалық етті және 2025 жылғы наурызда Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің 3-ші конференциясына төрағалық ететін болады.
  7. Біз 2024 жылғы 27-28 тамызда Астана қаласында Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Қарусыздану істері жөніндегі басқармасы бірлесіп ұйымдастырған «Ынтымақтастықты нығайту және консультацияларды кеңейту: ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері» атты семинардың оң қорытындысын атап өтеміз. Ядролық қарудан азат аймақтар, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, ЯСЖТШҰ және басқа да негізгі мүдделі тараптардың өкілдері қазіргі бар аймақтар арасындағы ынтымақтастықты, үйлестіруді және өзара толықтыруды одан әрі нығайту шаралары мен тетіктерін, сондай-ақ Таяу Шығыс өңірін қоса алғанда, болашақ ядролық қарудан азат аймақтарды құру мүмкіндіктері мен идеяларын талқылау үшін жиналды.
  8. Біз бүгін барлық мемлекеттерді 2024 жылғы 4 қыркүйекте Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өтетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған Бас Ассамблеяның Жоғары деңгейдегі пленарлық отырысына қатысуға шақырамыз.
  9. Біз барлық мемлекеттерді ядролық сынақтарға қатысты қолданыстағы мораторийлерді қолдауға және, мүмкіндігінше, бекітуге шақырамыз. ЯСЖТШ-ға әлі қол қоймаған және/немесе ратификацияламаған мемлекеттерді Шартқа тездетіп қол қоюға және оны ратификациялауға шақырамыз. Біз Шарттың күшіне енуі үшін ратификациялары шешуші мәнге ие 2-қосымшада көрсетілген мемлекеттерді осы маңызды қадамды жасай отырып, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға өз бейілділігін танытуға шақырамыз.
  10. Біз БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай жолдауларын құптаймыз және барлық мүдделі тараптарды, оның ішінде дипломаттарды, ғылыми ортаны, бұқаралық ақпарат құралдарын және үкіметтік емес ұйымдарды ядролық сынақтарға байланысты апатты қатерлер туралы кеңінен құлақтандыруға шақырамыз.

11. Бұл шешуші сәт. Біз бәріміз Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты күшіне енгізу, ядролық сынақтардың міндетті түрде тұрақты әрі заңды жағдайда аяқталуын қамтамасыз ету және ядролық қарусыз болашаққа ұмтылу үшін қауымдаса отырып әрекет етуге тиіспіз.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдтың бірлескен мәлімдемесі
Дата публикации
29 августа 2024