Қолайлы инвестициялық ахуал жасау және инвестициялық қызметті ынталандыру бойынша жүргізілетін жұмыс шеңберінде ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 17 мамырдағы №312 қаулысымен инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді және инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысанын жасасу, өзгерістер енгізу, қолданысын тоқтату қағидалары бекітілді.
Бұл келісім кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі мен экспортқа бағдарлануын арттыруға ықпал ететін жаңа құрал болып табылады.
Осы Келісім шеңберінде инвесторға 10 жылға дейінгі мерзімге Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі. Бұл ретте инвестор капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) жаңа тіркелген активтерді сатып алуға, өндіруге немесе салуға арналған шығыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемелер қабылдайды. Осылайша, ірі инвесторлармен жасалатын келісімдер мен жаңа жұмыс орындарының саны артады, бұл өңірлер мен тұтастай алғанда елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Сондай-ақ, келісім аясында инвестор қазақстандық кадрларды оқытуға және олардың біліктілігін арттыру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуге міндеттенеді.