2022 жылғы 27 мамырда Қазақстан мен Эстония екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 30 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Екіжақты қарым-қатынастардың дәйекті дамуының отыз жылы ынтымақтастыққа деген өзара қызығушылықтың артқанын көрсетеді: барлық деңгейлерде тұрақты саяси диалог сақталып, делегациялар алмасу жүзеге асырылып, шарттық-құқықтық базаның берік негізі құрылды. Қазақстан-Эстония қарым-қатынастарының деңгейі олардың өсіп келе жатқан әлеуеті мен ынтымақтастықтың берік негізін көрсетеді.
Қазақстан мен Эстония бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу арқылы халықаралық аренада сындарлы өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
Президент Н.Назарбаевтың (1994 және 2011 жылдары) Эстонияға, Президенттер Л.Мэри (1994 ж.) мен А. Рюйтельдің (2004 ж.), Премьер-министрлер А. Ансип (2009 және 2012 жылдары) пен Ю. Ратастың (2018 ж.) Қазақстанға сапарлары жан-жақты диалогты кеңейтуге маңызды серпін берді.
2011 жылы Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, ал 2019 жылы Таллинн қаласында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ашылуы маңызды оқиғалар болды, бұл тараптардың ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту ниетін айғақтайды.
Қазақстан-Эстония сауда-экономикалық қатынастары тұрақты нығаюда және жаңа мүмкіндіктерді іздестіру сатысында тұр. Бұл байланыстардың өсуіне, сонымен қатар, Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның қызметі ықпал етеді. Тараптар цифрлық және «жасыл» технологиялар саласы мен көлік-логистика саласы сияқты бірқатар перспективалы бағыттарда ынтымақтастыққа тұрақты қызығушылық танытып отыр.
Мәдени-гуманитарлық салада да ынтымақтастық дамып келе жатыр. Білім беру саласы жақсы серпінді көрсетіп отыр, екі елдің барлық ірі оқу орындары жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық орбитасына енгізілген.
Дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылы ішінде біздің елдеріміз ынтымақтастықтың көптеген бағыттарында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді және бұл екі ел халқының игілігі мен бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық мүдделері үшін саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге бағытталған.