Жоба
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Мәжілісі
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына түсіндірме жазба
Каспий теңізі жағалауы Мемлекеттері басшыларының бесінші саммиті барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда қол қойды.
Конвенция 2019 жылғы 8 ақпандағы № 222-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды. Қазіргі уақытта Конвенцияның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстан орындады. Конвенцияның 22-бабына сәйкес, ол Иран Ислам Республикасынан бесінші ратификациялау грамотасын алған күнінен бастап күшіне енеді.
Конвенциямен теңіз жағалауындағы мемлекеттердің ені 15 теңіз миліне дейін аумақтық сулардың және ені 10 теңіз миліне дейін балық аулау аймағын, сондай-ақ шектес және қарсы жатқан мемлекеттермен келісім бойынша теңіз түбіндегі және жер қойнауындағы өз секторының аражігін ажырату құқығы қарастырылған.
Халықаралық шарттардың ережелерін ұлттық заңнамаға имплементациялау шеңберінде аумақтық сулардың енін 12 ден 15 теңіз миліне дейін ұлғайту; «аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимі» ұғымын «ішкі және аумақтық сулар режимі» ұғымына ауыстыру; «континеттік қайраң режимі» ұғымын «Каспий теңізінің қазақстандық секторының режимі» ұғымына ауыстыру; осындай акваторияда теңіз ғылыми зерттеулерін және су биологиялық ресурстарға кәсіпшілік жүргізу тәртібін белгілейтін балық аулау аймағы шегінде «балық аулау аймағының режимін» енгізу; балық аулау аймағында су биологиялық ресурстарға кәсіпшілік жасауға Қазақстан Республикасының айрықша құқығын сақтауды бақылау, сондай-ақ олардың өзара іс-қимыл тәртібі бойынша мемлекеттік органдардың құзыреттілігін белгілеу.
Сонымен бірге, Каспий теңізінде шекара ведомствосының жауапкершілік аймағының кеңеюіне және Мемлекеттік шекараны күзетуге заманауи технологияларды енгізу қажеттілігіне байланысты пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану, сондай-ақ Шекара қызметінің корабльдерін, катерлері мен кемелерін жасауды ұйымдастыру туралы құқықтық акті қабылдауға арналған уәкілетті орган басшысының құзыреті қарастырылады.
Кемелерді бақылау техникалық құралдарымен жабдықтау бойынша 16-1- бапқа сәйкес келтіру мақсатында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Заңының (бұдан әрі - Заң) 16-баптың 1-тармағына да ұқсас түзету енгізіледі.
Сондай-ақ, Конвенцияның 12-бабын іске асыруда, тексеріп қарауды, инспекциялауды, ізін суытпай ізіне түсуді және ұстауды, кемелерде тұрған, нақты айыру белгілері бар құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері жүзеге асырады. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманың Мемлекеттік шекараны күзетуге қолданылатын жүзу құралдарында айыру белгілерін бейнелеудің регламенттелмеуіне байланысты, шекаралық ведомство корабльдерінің, катерлерінің және кемелерінің сыртқы бояуы схемасын және айыру белгілерін айқындайтын құқықтық актіні қабылдау бойынша уәкілетті орган басшысының құзыретін бекіту қажеттілігі туындайды. Қазіргі уақытта осы мәселе таратуға шектеуі бар құжатпен ішінара реттелген.
Заңның қолданыстағы редакциясына сәйкес, егер бұзушылық Қазақстан Республикасының ішкі және аумақтық суларында анықталса, ізің суытпай іздері бойынша ізіне түсуді жүзеге асыру құқығы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне берілген, Конвенцияның 12-бабының 3-тармағына сәйкес, егер бұзушы балық аулау аймағында немесе Каспий теңізінің қазақстандық секторында айқындалған жағдайда, ізіне түсуді жүзеге асыру құқығы шекара ведомствосына беріледі. Осыған байланысты, Заңның 67 бабы 2 тармағының 3) тармақшасын Конвенцияның ережелеріне сәйкес ретке келтіру қажет.
Заңды қабылдау:
Мемлекеттік шекараны қорғау және терроризмге қарсы іс-қимыл жасау саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудегі кемшіліктерді жоюға;
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы», «Терроризмге қарсы іс-қимыл жасау туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңдарының және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінің нормаларын Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар ережелеріне және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес келтіруге;
қолда бар құқықтық тетіктерді, соның ішінде шекаралық кеңістікте белгіленген режимдердің тиімділігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заң жобасын дайындау кезінде қалыптасқан халықаралық практика мен Каспий маңы мемлекеттерінің тәжірибесі ескерілді.
Аталған Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин