Бразилия, Қытай, Франция, Қазақстан, Оңтүстік Африка және Иордания бірлескен мәлімдемесі

Бірлескен мәлімдеме
2026 жылғы 23 қыркүйек
Бүгін мен қадірлі әріптестеріммен бірге Бразилия, Қытай, Франция, Қазақстан,
Оңтүстік Африка және өз елім – Иордания атынан сіздерге үндеу жолдап отырмын.
Осыдан екі жыл бұрын Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен бірлесе отырып, біз
Халықаралық гуманитарлық құқыққа (ХГҚ) саяси бейілділікті нығайту жөніндегі
жаһандық бастаманы
іске қостық. Бүгін біз нақты іс-қимылға шақыру үндеуімізді
қайта білдіру үшін бас қосып отырмыз. Қазіргі қарулы қақтығыстардың адам
шығыны орасан зор, сондықтан уақытты жоғалтуға болмайды.
Әлем бойынша 130-дан астам қарулы қақтығыста бейбіт тұрғындар адам төзгісіз
жағдайларға тап болып от
ыр. Ауруханалар, мектептер мен тұрғын үйлер барған
сайын жиі ұрыс алаңы ретінде қарастырылуда. Мұндай жағдайлар соғыстың болмай
қоймайтын салдары емес; тым жиі жағдайда олар соғыс зардабын тартқан
адамдарды қорғауға арналған нормаларды елемеу жөніндегі саналы таңдаудың
нәтижесі болып табылады. Әлем мұндай қасірет пен күйреуге жол бермеуге тиіс.
Қалыптасқан жағдайды өзгертуге болады және мұны жүзеге асыру мемлекет
басшыларының қолында. Осыған байланысты Ұлы Мәртебелі Король II Абдалланың
шақыруымен Иордания Хашимит Корольдігі
2026 жылғы 7 желтоқсанда «Соғыс
жағдайында адамгершілікті сақтау» атты жоғары деңгейдегі конференция
өткізеді.
Конференция ХГҚ жөніндегі Жаһандық бастама аясында атқарылған жұмысқа
сүйене отырып, ХГҚ-ға ортақ бейілділігін қайта растау және қалыптасқан серпінді
нақты іс-қимылға айналдыру мақсатында мемлекет басшыларының басын қосады.
Осы рухта және кең ауқымды консультациялардың қорытындысы бойынша
Конференцияда мемлекеттер ықшам әрі инклюзивті саяси декларация қабылдайды.
Біз барлық мемлекеттерді Бастамаға қосылуға, ал оған қатысушы барлық
мемлекеттерді Конференцияға ең жоғары деңгейде қатысуға шақырамыз.
Бүгінгі таңда әлемнің барлық өңірлерінен
118 мемлекет
ХГҚ жөніндегі Жаһандық
бастамаға қосылды. Олардың жиырма жетісі жеті тақырыптық жұмыс бағытына
бірлесіп жетекшілік етіп, ХГҚ-ны сақтауды күшейту және қазіргі заманғы соғыс
қимылдарынан туындайтын сын-қатерлерді шешу жөнінде іс жүзіндегі ұсынымдар
әзірледі. Бұл ұсынымдар бүкіл үдеріс барысында мемлекеттер ұдайы атап өткен
ортақ ұстанымға – ХГҚ-ның қорғау мақсатын сақтау және оны іс жүзінде қамтамасыз
ету қажеттігіне негізделеді.
ХГҚ жөніндегі Жаһандық бастама қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарға және бүкіл
әлемдегі мүдделі тараптарға қатысты мәселелерді қамти отырып, қолданыстағы
ХГҚ міндеттемелерінің бейтарап, дәйекті әрі әмбебап түрде орындалуын
қамтамасыз етуге ұмтылады. Бастама мемлекеттердің Женева конвенцияларын
барлық жағдайларда, соның ішінде оккупация жағдайларында да сақтау, іске асыру
және қолдану үшін негізгі жауапкершілікті атқаратынын мойындайды. Бүгін Нью-
Йоркте бас қосқан біз ХГҚ-ға деген құрметті арттыруда және оның тиімді
орындалуына қолдау көрсетуде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен кең ауқымды көпжақты
жүйенің атқаратын маңызды рөлін де атап өтеміз.
1949 жылы қабылданғаннан бері Женева конвенциялары миллиондаған адамның
өмірі мен қадір-қасиетін қорғауға қызмет етіп келеді. Алайда бүгінгі таңда әлемнің
әртүрлі бөліктеріндегі қарулы қақтығыстарда орын алып жатқан қасірет осы
конвенциялардың ең негізгі ережелерінің сақталмай отырғанын айқын көрсетеді.
Біз әлемнің барлық көшбасшыларын Иорданияда өтетін жоғары деңгейдегі
Конференцияда осы ортақ жауапкершілік төңірегінде бірігуге шақырамыз.
Халықаралық гуманитарлық құқықтың іргелі қағидаттары ұдайы әрі жүйелі түрде
бұзылып жатқанда, әлем бұған бейжай қарап тұра алмайды. 
Қақтығыстарға тән ақылға сыймайтын әрі ар-ожданға қайшы қасірет пен күйреуді
тоқтатып, оларды бейбіт жолмен шешу бағытында әрекет ете аламыз.
Біз соғыс жағдайында адамгершілікті бірге сақтауға тиіспіз.
Дата публикации
23 сентября 2026