GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Все материалы
16 октября 2026
Шетелдегі отандастар арасында «OQ Startup» үздік жобалар шығармашылық байқауы туралы

  I. Байқаудың негізгі мақсаты

«OQ Startup» үздік жобалар байқауы ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге арналған байқау.

Негізгі мақсаты шетелдегі отандастар мен этникалық қазақтардың төл жобаларын Қазақстанда таныту, өзара байланыс орнатуына ықпал ету және шығармашылығына қолдау көрсету.

 

II. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

           

1.  Байқауға 15-30 жас аралығындағы шетел азаматы болып табылатын ұлты қазақ отандастар қатыса алады;

2.  Байқауға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобалар қабылданады;

3.  Қатысушы өз жобасын таныстыру үшін төмендегі материалдарды ұсынуы қажет:

1.  Жобаның таныстырылымы:

·   ұзақтығы 2 минуттан аспайтын көлденеңінен түсірілген MP3 немесе MOVформатындағыбейнероликнемесекөлемі 10 слайдтан аспайтын PPTXнемесе PDFформатындағы презентация.

Бейнеролик немесе презентацияда жобаның негізгі мазмұны, өзектілігі, мақсаты, кімдерге бағытталғаны, іске асыру жолдары және күтілетін нәтижелері қысқаша әрі түсінікті түрде көрсетілуі тиіс.

2.  Жоба туралы қысқаша анықтама (PDF форматында).

Анықтамада міндетті түрде келесі ақпараттар қамтылуы қажет:

·   жобаның атауы;

·   жобаның өзектілігі және шешуге бағытталған мәселесі;

·   жобаның мақсаты;

·   жобаның негізгі міндеттері;

          ·   мақсатты аудиториясы (жоба кімдерге арналғаны);

·   жобаны іске асыру тетігі және негізгі іс-шаралары;

·   жобаны іске асыру мерзімі;

·   күтілетін нәтижелері;

·   жобаны іске асыру үшін қажетті ресурстар.

Егер жобаны іске асыру үшін қаржыландыру қажет болса, қатысушы PDF құжатында сұралатын қаражат көлемін және оның нақты сметасын көрсетуі тиіс. Сметада әрбір шығын бабының атауы, саны, бірлік құны және жалпы құны көрсетілуі қажет.

Ұсынылатын бейнеролик немесе презентация жобаны қысқа әрі нақты таныстыруға, ал PDF форматындағы анықтама жобаның мазмұнын толық түсіндіруге мүмкіндік беруі тиіс.

Байқауға іске асырылуы басталған, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан, сондай-ақ іске асырылуы жоспарланған жобалар қатыса алады.

Жоба бұрыннан іске асырылып жатқан жағдайда, қатысушы оның қазіргі нәтижелері, қол жеткізген көрсеткіштері және жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы ақпарат ұсынуы қажет.

Ал іске асырылуы жоспарланған жоба бойынша оның мақсаты, міндеттері, іске асыру кезеңдері, мерзімі және күтілетін нәтижелері нақты көрсетілуі тиіс.

4. Жұмыстар Oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;

5. Қатысушы жұмысын өзі туралы ақпаратпен қоса (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын университеті мен курсы, жасы) 30 қазан 2026 ж. дейін жіберуі керек;

6. Қатысушы жұмысын жібере отырып Отандастар қорының әлеуметтік желілерінде (Facebook, Instagram, Telegram) және ресми сайтында жұмысының жариялануына келісім береді.

7. Байқауға жұмыстар қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде қабылданады.

 

III. Байқау мерзімі

 

Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 30 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін қабылданады. Қазылар алқасы байқау аяқталғаннан кейін 30 күннің ішінде жеңімпаздарды анықтайды.

 

IV. Байқаудың жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау

 

Байқау қорытындысы бойынша үздіктер төмендегідей марапатталады.

1 орынНоутбук, диплом

2 орын – Планшет, диплом

3 орын – Смарт-сағат, диплом

Ынталандыру сыйлығы: Үстел ойыны (Бестемше), марапаттау

 

14 сентября 2026
Қазан айында Астанада Қазақстан мен Қасиетті Тақтың балаларды қорғау мәселелері жөніндегі II бірлескен коллоквиумы өтеді

2026 жылғы 2–3 қазанда Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы мен Орталықтың II бірлескен коллоквиумын өткізеді. Коллоквиумның басты тақырыбы осал топтарға жататын балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау.  

Коллоквиум Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы 2024 жылғы сәуірде басталған диалогтың жалғасы болмақ. Аталған диалог Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Ватиканға жасаған сапары аясында өткен алғашқы бірлескен кездесуден бастау алған. 

Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, дін қайраткерлері, педиатрия, биоэтика және теология саласындағы мамандар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Іс-шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тең төрағалық етеді.

Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық, науқас балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатриядағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны қолданудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.

Талқылаудың негізгі бағдарларының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және отбасын қолдау қағидаттарына негізделген Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы болады. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің практикалық үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.

Коллоквиумды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерін 2026 жылғы 20 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз.

Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуды сұраймыз.

Өткізілетін күні: 2026 жылғы 2–3 қазан

Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, 1қабат

Іс-шараның басталуы: сағат 10:30.

14 сентября 2026
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді

2026 жылғы 7 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді. Диалог алаңында әлемдік және дәстүрлі діндер – ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет қайраткерлері және әлемнің 20 елінен жетекші сарапшылар жиналады.

XXIV Хатшылық отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде бастамашылық еткен және қатысушылар қолдаған екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау. Олар: «Жасанды интеллектті діни салада пайдаланудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі».  

 Жеке мәселе ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғауға, оған ізгілікпен қарауға басымдық беріліп, сондай-ақ қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар, тиісті сұраныс болған жағдайда баланың діни және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескере отырып қолдау көрсету көзделген. 

XXIV Съезд Хатшылығының ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз. Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org  электрондық пошта мекенжайына хабарласуыңызды сұраймыз.

Өткізілетін күні: 2026 жылғы 7 қазан.

Өткізілетін орны: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы.

Іс-шараның басталуы: сағат 10:00.

13 сентября 2026
Қазақстан Бар портымен және Будва муниципалитетімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда

Бар-Будва, 2026 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Черногориядағы Елшісі Дәулет Батырашев Бар теңіз портының өндірістік мүмкіндіктерімен танысып, «Luka Bar» A.D. компаниясының атқарушы директоры Александр Слабиджоревскиймен және Будва муниципалитетінің төрағасы Никола Йовановичпен кездесулер өткізді.

Бар портына сапар барысында тараптар Қазақстан, Батыс Балқан елдері және Еуропа нарықтары арасындағы жүк тасымалдарын дамыту үшін Черногорияның көлік-логистикалық инфрақұрылымын пайдалану перспективаларын қарастырды.

Қазақстандық дипломат Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) дамуы туралы хабардар етіп, Қазақстанның халықаралық көлік бағыттарын одан әрі әртараптандыруға және олардың географиясын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Бар портын қазақстандық жүктерді ауыстырып тиеу және оларды Батыс Балқан мен Орталық Еуропа елдеріне одан әрі жеткізу үшін өңірлік логистикалық тораптардың бірі ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазақстандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін, оның ішінде астық өнімдерін тасымалдау перспективаларына, сондай-ақ контейнерлік және басқа да жүк тасымалдарын дамытуға ерекше назар аударылды.

Мүдделі қазақстандық компаниялардың Бар портымен өзара іс-қимылының ықтимал форматтары, оның ішінде терминалдық және қоймалық инфрақұрылымды пайдалану, бірлескен логистикалық жобаларды іске асыру және инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу мәселелері талқыланды.

Сұхбаттасушылар тікелей жұмыс байланыстарын жалғастыруға және ықтимал жобаларды олардың экономикалық тиімділігі мен қолда бар инфрақұрылымды ескере отырып, нақты пысықтауға уағдаласты.

Сол күні Будва қаласында Елшінің Будва муниципалитетінің төрағасы Никола Йовановичпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, туристік алмасуларды кеңейту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнату перспективалары қарастырылды.

Д.Батырашев Қазақстан азаматтарының Черногорияға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, азаматтардың сапарлары үшін қолайлы жағдайларды сақтау, тікелей әуе қатынасын дамыту және өзара туристік ағындарды одан әрі ұлғайтудың маңыздылығына назар аударды.

Н.Йованович муниципалитеттің қазақстандық инвестицияларды тартуға мүдделі екенін білдіріп, жергілікті билік органдарының құзыреті шеңберінде әлеуетті инвесторларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар сондай-ақ Будва мен Алматы арасында тікелей әріптестік байланыстар орнату перспективасын талқылады. Мұндай өзара іс-қимыл туризм, инвестициялар және кәсіпкерлік салаларындағы нақты жобалармен, сондай-ақ бірлескен іскерлік іс-шаралармен толықтырылуы мүмкін екені атап өтілді.

Д.Батырашев Қазақстанның Будва қаласында Құрметті консулдық ашуға дайын екенін хабарлады. Құрметті консулдық Черногория жағалауындағы муниципалитеттермен, іскер топтармен және екі елдің азаматтарымен байланыстарды дамытуға ықпал ететін болады.

Өткен кездесулер 2026 жылғы маусымда Қазақстан мен Черногория мемлекеттері басшыларының келіссөздері қорытындысында қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық іске асырудың жалғасы болды және тараптардың қазақ-черногориялық сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, туристік және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

11 сентября 2026
Қазақстан Елшісі Черногория Премьер-министрімен екіжақты күн тәртібін талқылады

Подгорица, 2026 жылғы 10-11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Батырашев Черногория Премьер-министрі Милойко Спаичпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Черногория арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

Аталған кездесуде Қазақстан мен Черногория Президенттерінің кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, цифрландыру және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Премьер-министр М.Спаич Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін растады. Атап айтқанда, ол сауданы дамытуға, қазақстандық инвестициялар мен технологияларды тартуға, Қазақстаннан азық-түлік өнімдерін тұрақты жеткізуді жолға қоюға, сондай-ақ перспективалы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға қазақстандық компаниялар мен қаржы институттарының қатысуына қызығушылық білдірді.

Кездесудің негізгі нәтижесі жоғары деңгейдегі диалогты жалғастыру туралы уағдаластық болды. Осыған орай М.Спаич Қазақстанға ресми сапармен келуге дайын екенін білдірді. Сапар мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.

Сапар аясында Черногорияның бірқатар салалық министрліктерінің басшыларымен де кездесулер өткізілді. Ауыл шаруашылығы, орман және су шаруашылығы министрі Владимир Йоковичпен Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Черногорияға жеткізу мүмкіндіктері, екі елдің өндірушілері, импорттаушылары мен дистрибьюторлары арасында тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен ынтымақтастық туралы екіжақты құжатқа қол қою қажеттілігі талқыланды.

Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукаймен мемлекеттік басқаруды цифрландыру, GovTech, жасанды интеллект және адами ресурстарды дамыту салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Д.Батырашев Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесімен бөлісуге әзірлігін жеткізді. Өз кезегінде М.Дукай екі елдің тиісті ведомстволары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайын екенін хабарлады.

Көлік министрі Радош Зечевичпен кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін және Черногорияның порт инфрақұрылымын пайдалана отырып, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ салалық компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою және ықтимал жүк ағындарын айқындау мәселелері қаралды. Осы тұрғыда Адриатика теңізінің жағалауында орналасқан Бар портының әлеуеті атап өтілді.

Черногория Сыртқы істер министрлігінде саяси диалогты одан әрі дамыту, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру перспективалары, парламентаралық байланыстарды нығайту және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын 2027 жылы өткізуге уағдаласты.

Кездесулер мен келіссөздерге Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулы Ғабиден Темірбек қатысты.

10 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ (2026 жылғы 8 қыркүйек)

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:                                                                                

  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                        
  2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
  3. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  4. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  5. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
19 августа 2026
АСТАНА БЕЙБІТШІЛІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ 2025: ЖАҺАНДЫҚ РУХАНИ ДИПЛОМАТИЯНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Бейбітшілікті нығайтуға, орнықты даму мен мәдениетаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған маңызды құжат

2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындысы бойынша қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» бейбітшілікті нығайту, орнықты дамуды қамтамасыз ету және мәдениетаралық диалогты ілгерілету бағыттарындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағдарларын айқындайды.

Съезге шамамен 60 елден 100-ден астам делегация қатысты. Бұл Қазақстанның діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты дамытуға арналған жаһандық алаң ретіндегі рөлін тағы бір мәрте айқындады.

Съезді ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде геосаяси шиеленіс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, қақтығыстар өршіп, идеологиялық қайшылықтар тереңдеп келе жатқанын атап өтті. Гибридті соғыстар, текетірестің күшеюі және жаппай қырып-жою қаруынан төнетін қатер жағдайында рухани көшбасшылардың халықаралық қоғамдастық үшін адамгершілік бағдар ретіндегі рөлі арта түседі.

Президент Тоқаев Съездің ашық диалог арқылы ортақ мәмілеге келуге мүмкіндік беретін бірегей алаң екенін атап өтті. Оның қорытынды декларациялары Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ресми құжаттары ретінде таратылады. Бұл форум жұмысының халықаралық маңызын арттыра түседі.

Діни нысандар мен мәдени мұраны қорғауға айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы қасиетті орындарды сақтау адамзат өркениетінің түп негіздерін қорғаумен тең екенін атап өтті.

Президент Тоқаев сондай-ақ Съезд аясында бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құруды, БҰҰ-мен және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуді қамтитын бірқатар стратегиялық бастама ұсынды.

Декларацияның негізгі басымдықтары

«Астана бейбітшілік декларациясы 2025» дінаралық диалогтың қақтығыстардың алдын алу мен өзара сенімді нығайтудағы стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Декларацияның негізгі басымдықтарына БҰҰ-мен ынтымақтастықты тереңдету, діни нысандар мен мәдени мұраны қорғау, радикалданудың алдын алуда білім беру мүмкіндігін кеңінен пайдалану, жастар мен әйелдерді мәдениетаралық диалогқа белсенді тарту, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен экстремизмді ақтау үшін дінді теріс пайдалануға жол бермеу жатады.

Декларацияда терроризмді қандай да бір дінмен, мәдениетпен немесе өркениетпен байланыстыруға болмайтыны нақты айтылған.

Жаңа жаһандық күн тәртібі

Цифрлық өзгерістерге ерекше мән берілді. Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде дін көшбасшылары оны қолданудың әмбебап этикалық қағидаттарын әзірлеу қажеттігін қолдады. Президент Тоқаевтың Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы ұсынысы технологиялық дамуды адам мүддесіне бағдарлаудағы маңызды қадам болды.

Экология мәселелері де күн тәртібінен маңызды орын алды. Қатысушылар рухани көшбасшылардың климаттың өзгеруімен күрестегі рөліне арналған халықаралық құжат әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау адамгершілік міндет деген ұстанымға негізделген.

Дінаралық дипломатия

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі рухани дипломатияның орныққан халықаралық алаңына айналды. «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» дінаралық бастамалардың өзара түсіністіктің нышаны ғана емес, халықаралық сенімді нығайтудың нақты тетігі де бола алатынын көрсетеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IX съезін 2028 жылы Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Жаһандық бейбітшілік мәдениетін қалыптастыру жолында

«Астана бейбітшілік декларациясы 2025» XXI ғасырда діннің алауыздық көзі емес, адамдар мен халықтарды ұйыстыратын күш бола алатынын көрсетеді. Рухани құндылықтарды, халықаралық дипломатияны және технологияға жауапкершілікпен қарауды ұштастыру өзара құрметке, сенімге және адамзат болашағы үшін ортақ жауапкершілікке негізделген жаһандық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастырады.

Қазақстан Съезд және оның аясындағы бастамалар арқылы бейбіт қатар өмір сүруді орнықтыруға, мәдениетаралық диалогты дамытуға, қауіпсіз әрі орнықты әлем құруға бағытталған халықаралық күш-жігерге үлес қосуды жалғастырып келеді.

14 августа 2026
КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН САТУ ЖӨНІНДЕГІ АУКЦИОН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАНДЫРУ

Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Елшілігі (OIB: 40649438406), заңды мекенжайы: Загреб қаласы, Босанска көшесі, 26 – автокөліктерді сату жөніндегі ашық аукцион өткізілетінін хабарлайды.

Аукцион бағаны көтеру әдісімен өткізіледі.

Аукцион 2026 жылғы 1 қыркүйекте сағат 11:00-де мына мекенжайда өтеді: 10000 Загреб қаласы, Босанска көшесі, 26.

Сатылатын мүлік туралы мәліметтер

№ 1 лот

Жеңіл автокөлік
Маркасы мен моделі: Mercedes-Benz S 500 L 4MATIC
Түсі: қара
Шығарылған жылы: 2014
Жүрілген жолы: 240 391
Қозғалтқыш көлемі және отын түрі: 4 663 см³, бензин
Жалпы жай-күйі: техникалық ақауы бар, жөндеуді қажет етеді
Бастапқы бағасы: 4 349,94 еуро (төрт мың үш жүз қырық тоғыз еуро тоқсан төрт цент)
Бастапқы бағаның 15%-ы мөлшеріндегі кепілдік жарна: 652,49 еуро (алты жүз елу екі еуро қырық тоғыз цент)
Бастапқы бағаның 5%-ы мөлшеріндегі аукцион қадамы: 217,50 еуро (екі жүз он жеті еуро елу цент)

№ 2 лот

Жеңіл автокөлік
Маркасы мен моделі: Mercedes-Benz Viano
Түсі: қара
Шығарылған жылы: 2014
Жүрілген жолы: 184 020
Қозғалтқыш көлемі және отын түрі: 2 143 см³, дизель
Жалпы жай-күйі: техникалық ақауы бар, жөндеуді қажет етеді
Бастапқы бағасы: 3 210,24 еуро (үш мың екі жүз он еуро жиырма төрт цент)
Бастапқы бағаның 15%-ы мөлшеріндегі кепілдік жарна: 481,54 еуро (төрт жүз сексен бір еуро елу төрт цент)
Бастапқы бағаның 5%-ы мөлшеріндегі аукцион қадамы: 160,51 еуро (жүз алпыс еуро елу бір цент)

Қатысу шарттары және өтінім беру тәртібі

  1. Аукционға өтінімді белгіленген мерзімде берген және кепілдік жарнаны төлеген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
  2. Өтінімдер қабылдау және қатысушыларды тіркеу мына мекенжайда жазбаша түрде жүргізіледі: 10000 Загреб қаласы, Босанска көшесі, 26.
  3. Өтінімдер 2026 жылғы 28 тамыз сағат 17:30-ға дейін қабылданады.
  4. Ең жоғары баға ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болып танылады.
  5. Аукцион жеңімпазы төлеген кепілдік жарна автокөліктің сатып алу құнына есептеледі. Қалған қатысушылардың кепілдік жарналары 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады.
  6. Аукционға қатысу үшін ұйымдастырушыға мына құжаттарды тапсыру қажет:

а. Белгіленген нысан бойынша толтырылған өтінім;

ә. Жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

Заңды тұлғалар үшін – заңды тұлға өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңды тұлғаның Хорватия Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжат;

б. Кепілдік жарнаның төленгенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.

  1. Қатысушылар кепілдік жарнаны төлеп, өтінім бермес бұрын осы хабарландырумен және сатып алу-сату шартының жобасымен мұқият танысуға, сондай-ақ автокөліктің техникалық жай-күйін қарап шығуға міндетті. Қатысушылар автокөлікті жақсартуды, өзгертуді немесе жөндеуді, сондай-ақ оны қайта тіркеуге немесе меншік құқығын қайта ресімдеуге байланысты салықтардан, алымдардан және өзге де шығыстардан босатуды талап ете алмайды.
  2. Егер аукцион жеңімпазы белгіленген мерзімде шарт талаптарын орындамаса, ол автокөлікті сатып алу құқығынан бас тартқан болып есептеледі. Бұл ретте кепілдік жарнаны қоса алғанда, бұрын төленген барлық қаражат қайтарылмайды. Кепілдік жарнаны аударуға байланысты банк комиссиясы да аукцион қатысушыларына қайтарылмайды. Аукционға қатысушылардың сөз байласуына және сауда-саттық барысына заңсыз араласудың кез келген өзге түріне қатаң тыйым салынады.

Кепілдік жарнаны аударуға арналған банк деректемелері

Алушы: Қазақстан Республикасының Елшілігі
Мекенжайы: 10000 Загреб қаласы, Босанска көшесі, 26
OIB: 40649438406
IBAN: HR5024840081105847755
Алушының банкі: Raiffeisenbank Austria d.d.
SWIFT/BIC: RZBHHR2X
Төлем мақсаты: № [лот нөмірін көрсету] лот бойынша аукционға қатысу үшін кепілдік жарна

Сатып алушының міндеттері және автокөліктерді қабылдап алу тәртібі

Ең жоғары баға ұсынған сатып алушы аукцион аяқталғаннан кейін аукцион қорытындылары туралы хаттамаға дереу қол қоюға міндетті.

Сатып алушы автокөліктің толық құнын, бұрын төленген кепілдік жарнаны шегере отырып, сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударуға міндетті.

Меншік құқығын қайта ресімдеуге, салықтарды, әкімшілік алымдарды, кедендік баждарды және автокөлікті сатып алуға байланысты өзге де төлемдерді төлеуге жұмсалатын барлық шығысты сатып алушы толық көлемде өтейді.

Мүлікпен танысу және байланыс деректері

Автокөліктердің техникалық жай-күйін қарап шығуға, тиісті құжаттармен танысуға және өтінім бланкісін алуға жұмыс күндері сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін мына мекенжайда болады: 10000 Загреб қаласы, Босанска көшесі, 26.

Анықтама телефондары: +385 91 1935 348; +385 91 9316 460
Электрондық пошта: zagreb@mfa.kz

22 июля 2026
«Қазақстан – менің көзіммен» – шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған онлайн сурет салу байқауы.

Байқау қатысушылардың Қазақстан туралы көзқарасын, елге деген сүйіспеншілігін, тарихи-мәдени мұрасын, табиғатын, ұлттық құндылықтарын және болашаққа деген арман-тілектерін шығармашылық тұрғыдан бейнелеуге бағытталған.

Байқаудың негізгі мақсаттары:

- шетелдегі этникалық қазақ балалардың Қазақстанмен рухани байланысын нығайту;

- Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу;

- жас суретшілердің шығармашылық қабілеттерін дамыту;

- дарынды этникалық қазақ балаларын анықтау және қолдау көрсету;

- балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.

Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

          Байқауға шетелде тұратын 12–17 жас аралығындағы этникалық қазақ балалары қатыса алады (ұлты қызық шетел азаматы екенін растау үшін өз жұмысымен бірге төл құжатының көшірмесін жіберу міндетті);

  1. Байқауға ұсынылатын сурет «Қазақстан – менің көзіммен» тақырыбына сәйкес болуы тиіс.
  2. Қатысушы жұмысын жіберерде міндетті түрде төмендегі ақпараттармен қоса жіберу керек:

- Өзі туралы ақпарат (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын мектебі мен сыныбы, байланыс нөмері);

- Өзін таныстыру, салған суретін түсіндіру мақсатында ұзақтығы 2 минуттан аспайтын бейнежазба;

-Суретті өзі салғанын растау үшін ұзақтығы 3 минуттан аспайтын сурет салу процессінен бейнежазба және байқау тақырыбынан бөлек басқа да бірнеше туындыларын қосып жіберу керек.

  1. Жұмыстар 2026 жыл 28 тамызға дейін oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;

Шығармашылық жұмысқа қойылатын талаптар

  1. Байқауға қағазға салынған суреттердің электрондық нұсқасы қабылданады.
  2. Қатысушылар келесі құралдарды пайдалана алады:
  • қарындаш;
  • түрлі-түсті қарындаш;
  • фломастер;
  • акварель бояулары;
  • гуашь;
  • майлы бояулар;
  • пастель;
  • көмір;
  • маркер;
  • акрил бояулары;
  • гельді қаламдар және басқа да көркем сурет салу құралдары.
  1. Суреттер келесі тақырыптарды қамтуы мүмкін:
  • Қазақстанның табиғаты;
  • тарихи және мәдени ескерткіштер;
  •  ұлттық салт-дәстүрлер;
  • қазақ халқының тұрмысы;
  • ұлттық мерекелер;
  • Қазақстанның көрікті жерлері;
  • болашақтағы Қазақстан туралы арман-тілектер.
  1. Бір қатысушы бірнеше жұмыс ұсына алады.
  2. Байқауға тек авторлық жұмыстар қабылданады.
  3. Жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген суреттер қабылданбайды.
  4. Қатысушы байқауға ұсынған жұмысын ұйымдастырушының ресми интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілерінде және көрмелерде көрсетуге келісім береді.
  5. Жұмыстар JPEG, JPG, PNG немесе PDF форматында қабылданады.

Бағалау критерийлері

  1. Тақырыпқа сәйкестік

Жұмыстың «Қазақстан – менің көзіммен» тақырыбын қаншалықты толық және мазмұнды ашқаны бағаланады.

  1. Шығармашылық көзқарас

Қатысушының идеясының ерекшелігі, қиялы мен шығармашылық шешімдері бағаланады.

  1. Көркемдік шеберлік

Сурет салу техникасы, композициясы, түстер үйлесімі, пропорция және жалпы орындау сапасы бағаланады.

  1. Ұлттық мазмұн

Қазақстанның мәдениеті, тарихы, табиғаты және ұлттық құндылықтарының көркем бейнелену деңгейі ескеріледі.

  1. Эмоционалдық әсер

Жұмыстың көрерменге әсері, автордың сезімі мен ойын жеткізу деңгейі бағаланады.

Байқау мерзімі

Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 17 маусымнан бастап

28 тамызға дейін қабылданады.

Байқаудың жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау

Байқау қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз қазылар алқасының шешімімен анықталады.

Жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

I орын – Ноутбук;

II орын – Планшет;

III орын – Смарт сағат.

Ынтыландыру сыйлықтары – «Бестемше» ойыны.

Үздік жұмыстар ұйымдастырушылардың ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады және онлайн көрмеге ұсынылады. Сонымен қатар, үздік деп танылған 10 қатысушы қажет болған жағдайда жұмысын өз қаражаты есебінен «Отандастар қоры» КеАҚ-на жіберу қажет

30 июня 2026
Халықаралық серіктестерге діндердің климат мәселесіндегі рөлі мен жасанды интеллект этикасына арналған жобалар таныстырылды

Астана, 2026 жылғы 1 маусым

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді. Іс-шара барысында халықаралық серіктестерге «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» тақырыбындағы екі ірі жобаның құжаттары таныстырылды.

Конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Аргентина, Таиланд, Солтүстік Македония және Үндістанның беделді діни қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі арқауы – «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» және 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері болды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов өз сөзінде мемлекет пен конфессиялар арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық модель аясында азаматтық бейбітшілікті нығайту үшін зайырлы институттар мен діни бірлестіктердің тең құқылы серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын және бұл ең тиімді тәсіл екенін алға тартты.

Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай діни дипломатия әрбір қақтығысты шеше алмаса да, ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің өзінде диалогты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде ол 2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен VIII Съезді келтірді. Таяу Шығыстағы жағдай аса сезімтал кезеңде өткен жиында иудей және мұсылман өкілдері бір үстел басында отырып, өз жұмыстарын жалғастыра алған.

Басқарма төрағасы Г. Қожабай бүгінде рухани дипломатия нақты іс-қимылдарға көшуі тиіс екенін алға тартты. Атап айтқанда, ол жасанды интеллектке арналған этикалық қағидаларды қалыптастырудан бастап, климаттың өзгеруі сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дейінгі бағыттарды қамту қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта Орталық әзірлеген «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты екі жобаға ерекше тоқталды.

Аргентина Ахмадия мұсылман қоғамының президенті Марван Сарвар Гилл ислам дәстүріндегі бейбітшіліктің әмбебап сипатына назар аударды. Ол Мұхаммед пайғамбардың іліміне сүйене отырып, адамның қадір-қасиеті нәсіліне, ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты болмауы тиіс екенін, ал бейбітшілік таңдаулы сипатқа ие болмауы керектігiн атап өтті. Оның сөзінше, мұндай ұстаным жаһандық қауіпсіздіктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессор міндетін атқарушысы Юлия Шаповал цифрлық радикализмнің күшеюіне ерекше назар аударды. Ол діни және сарапшылық қауымдастықтар жаңа ақпараттық сын-қатерлерден артта қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары, бейбітшілік пен жасампаздыққа үндейтін контент цифрлық кеңістікте белсенді таралып, әлеуметтік желілердегі деструктивті материалдарға қарсы тұруы қажет.

«Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы басқармасының төрағасы Иван Иванов этникалық және діни зорлық-зомбылықтың алдын алуда сыни ойлаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім беру тек тұлғалық болмысты қалыптастырып қана қоймай, ар-ождан, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін де тәрбиелеуі қажет. Осы тұрғыда философия мен этика білім беру бағдарламаларында маңыздырақ орын алуы тиіс екенін айтты.

Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің басшысы Ростислав Новгородов, Қазақстан Бахаи қауымдастығының өкілі Тоқжан Қожахметова және Somaiya Vidyavihar университетінің ректоры Рудракша Сакрикар жастардың ерекше рөліне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, жас ұрпақ тек білім алушы ретінде емес, бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілете алатын әлеуметтік өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылуы тиіс.

Ресей ғылым академиясы Философия бөлімінің меңгерушісі Сергей Мельник 2027 жылы «Арамыздағы ортақ сөз» құжатының 20 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Бұл бастама ислам-христиан диалогын одан әрі дамытуға және діни дәстүрлер арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық диалогтан тұрақты бейбітшілік, жаңа технологиялар этикасы, климаттық жауапкершілік, білім беру және радикализмнің алдын алу салаларындағы практикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды екенін атап өтті.

Социальные сети
facebook
instagram
twitter
youtube
Telegram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары