Қазақстан – Хорватия: ынтымақтастықты жандандыруға арналған бағыт

Қазақстан – Хорватия: ынтымақтастықты жандандыруға арналған бағыт

Загреб, 2024 жылғы 21-22 қараша – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Хорватияның сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радманның шақыруымен Хорватия Республикасына ресми сапармен барды.

Бұл Қазақстанның сыртқы саяси мекеме басшысының Загребке алғаш рет жасаған сапары және бұл сапар екіжақты қатынастарды дамытуда маңызды тарихи оқиға болып табылады.

Сапар барысында Премьер-Министр Андрей Пленковичпен және Сыртқы және Еуропалық істер министрі Г.Грлич-Радманмен, сондай-ақ Хорватия Сауда палатасының және бірқатар жетекші хорват компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.

Тараптар Қазақстан-Хорват ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларына, сондай-ақ БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі екіжақты өзара іс-қимылға байланысты өзекті мәселелерді талқылады. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Еуропа мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің нұсқаларын іздеу қажеттігін атап өтті.

Хорватия басшылығымен келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Бірлескен жұмыстың басым бағыттарының қатарында тараптар энергетика, көлік және логистика, фармацевтика, туризм, ауыл шаруашылығы және IT салаларын атап көрсетті.

Еуропа мен Азия арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етудегі және өзара тиімді сауда қатынастарына қол жеткізудегі Транскаспий халықаралық көлік маршрутының рөлі талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Хорватияның мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту перспективалары қарастырылды.

Сапар қорытындысы бойынша Хорватияның сыртқы және еуропалық істер министрлігінде екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы ынтымақтастықтың 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламасына, сондай-ақ дипломатиялық білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Анықтама: Хорватия Қазақстанның Балқан өңіріндегі негізгі сауда-экономикалық серіктесі болып табылады. 2023 жылы тауар айналымы 432 млн. АҚШ доллар құрады, оның ішінде экспорт – 397,98 млн. және импорт – 34,03 млн. Сонымен қатар Хорватия қазақстандық мұнайдың Балқан өңірі мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріне кіруінің және одан кейінгі транзитінің маңызды бекеті болып табылады