
Загреб, 2024 жылғы 11 қазан – Қазақстан-Хорватия парламентаралық ынтымақтастығының келешегі Хорватияның Саборында (Парламентінде) талқыланды. Қазақстанның Елшісі Ақылбек Камалдинов Хорватия Парламентінің жаңа шақырылымында Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастық тобының төрағасы депутат Иван Босанчичпен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жай күйі мен келешегі, сондай-ақ өзара мүддемізге сай келетін өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланды.
Парламент мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы және институционалдық реформаларды іске асыру аясында қазақстандықтардың әл-ауқатын, табысы мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша ҚР басшылығының шаралары туралы ақпарат берілді. Астананың экономикалық және әлеуметтік басымдықтары атап өтілді. Республика күні қарсаңында Елші үкіметтің Әділ Қазақстан, әртараптандырылған нарықтық экономика және бейбітшілік пен этносаралық келісімнің бірегей қоғамдық моделін құрудағы жетістіктерін атап өтті.
Депутат И. Босанчич парламентаралық ынтымақтастық тобы мүшелерінің атынан қазақстандықтарға келе жатқан Республика күнімен жылы лебізін білдірді. Ол парламентаралық байланыстарды дамытуға, реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету және халықты әлеуметтік қолдау тәжірибесімен алмасуға қызығушылық білдірді. Энергетика секторында, туризм, цифрландыру, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктері атап өтілді.
А. Камалдинов биыл өткен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның бірінші отырысының және бірлескен бизнес-форумның қорытындылары туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Хорватияның Іскерлік кеңесін құру туралы хабарлады. Осы және басқа да жоспарланған іс-шаралар қазақстандық басшылықтың мемлекетаралық байланыстарды жан-жақты нығайтуға және екі елдің өзара іс-қимылын тереңдетуге бағытталған дәйекті бағытын айғақтайтынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның Загребтегі Елшілігінде парламентаралық ынтымақтастық тобының барлық мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастыруға келісті. Сонымен қатар, И. Босанчич саясаттағы, экономикадағы, мәдени-гуманитарлық саладағы барлық бағыттар бойынша екіжақты диалогқа серпін беру үшін парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі хорватиялық топтың Астанаға сапарын ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады.