АХҚО Басқарма Кеңесі 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясын қабылдады

АХҚО Басқарма Кеңесі 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясын қабылдады

Мемлекет басшысы онлайн форматта «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Басқарма Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді.

Отырысқа Басқару кеңесінің мүшелері: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Мамин, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, J.P.Morgan Chase Internationаl бұрынғы Басқарма төрағасы Джейкоб Френкель, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті сэр Сума Чакрабарти, Ресей Сбербанкі президенті және басқарма төрағасы Герман Греф, Citigroup инвестициялық және корпоративті банкінің жаһандық үкіметтер және мемлекеттік сектор блогының басшысы Джули Монако қатысты.

Нақты шешімдер дайындауда Басқару кеңесінің мүшелері мен Орталық органдарының жетекшілерінен бөлек Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен АХҚО Сотының төрағасы лорд Джонатан Манс және әлемдік үздік сарапшылар: Goldman Sachs International төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, The Boston Consulting Group аға кеңесшісі Антонио Риера, Гарвард мемлекеттік басқару мектебінің профессоры және Гарвард Өсім зертханасының басшысы Рикардо Хаусманн, Лондон экономика мектебінің мемлекеттік басқару факультетінің деканы, Чилидің бұрынғы қаржы министрі Андрес Веласко, Гонконг ғылым және технология университетінің проессоры Дональд Лоу, Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің деканы Александр Аузан, FutureMap басқарушы серіктесі Параг Ханна, NASDAQ тобының президенті және атқарушы директоры Адина Фридман және Deloitte басқарушы серіктесі, ТМД елдеріндегі консалтинг департаментінің басшысы Кристофер Армитаж қатысты. 

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстанның экономикалық өсімін қалпына келтіру мен ондағы АХҚО-ның рөлі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Сөзсіз, мықтылығын дәлелдеп, экономикалық өсімге өз үлестерін қосып жатқан институттардың жетістіктерін арттыруды жалғастыра түсуіміз керек. Мұны қамтамасыз етуде әсіресе қаржы секторы маңызды рөл ойнауы тиіс. Біз АХҚО әлеуетін тек жекелеген транзакция түрлері үшін ғана пайдаланып қана отыра алмаймыз. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Halyk Bank және өзге де шетелдік компаниялардың сәтті орналастырылуынан АХҚО режимінің Қазақстан және өңір үшін қаншалықты пайдалы екенін көріп отырмыз. АХҚО мүмкіндіктері экономикалық өсімді қалпына келтіру мен Қазақстанға инвестиция тартуға максималды түрде пайдаланылуы керек. Бұл ұлттық компаниялар мен коммерциялық секторға да қатысты».

Сарапшылар АХҚО Басқару Кеңесімен өңір мен әлемдегі экономикалық жағдай туралы өз ойларымен бөлісіп, Мемлекет басшысының өзекті бастамасын қолдап, АХҚО мүмкіндіктерін ұлттық және өңірлік деңгейде пайдалануды кеңейту бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

Қайрат Келімбетов, АХҚО Басқарушысы: «Біздің дайындаған АХҚО-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатын іске асыруда Орталықтың толыққанды қатысуын қарастырады. АХҚО тек инвестиция тартуға көмектесіп қана қоймай, Нұр-Сұлтанның негізгі өңірлік қаржы орталығы ретінде қалыптасуын қарастырады».  

Отырыс соңында АХҚО Жылдық есебі мен Орталықтың 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы тиісті реформаларды орындау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Анықтамалық ақпарат:

Астана» Халықаралық Қаржы Орталығы (АХҚО) -  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО-ны құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты - халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпалдасу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету.