
Загреб, 2024 жылғы 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Хорватиядағы Елшілігінің қызметкерлері Загреб қалалық зиратындағы Халық қаһармандары мен партизандар мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, қаза тапқан жауынгерлер мен фашизм құрбандарын еске алды.
Дипломаттар қазақстандық жауынгерлердің Еуропаны фашизмнен азат ету жолындағы күреске қосқан елеулі үлесін, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыста Югославия аумағындағы болған ең ірі шайқас – Батино шайқасындағы ерлігінің атап өтті. Қаза тапқан батырлардың қатарында Қарағанды облысының тумасы, Батино шайқасында 315-атқыштар дивизиясының 22-атқыштар ротасын басқарған Хамит Садуов бар. 1944 жылғы 19 қарашада Х. Садуовтың ротасы қиян-кескі шайқаста жаудың 230 сарбазы мен офицерлерін жойды. Ерлігі мен қаһармандығы үшін Хамит Садуовқа қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қазақстан Елшілігі Хорватияның «Еске алу» қауымдастығына және оның төрағасы, тарихшы-зерттеуші Дамир Яшаревичке Хорватия аумағында жерленген қазақстандықтардың сүйектерін іздеу және жеке басын анықтаудағы белсенді жұмысы үшін алғысын білдіруде. Қазіргі уақытта Солтүстік Хорватияны (Меджимурье) азат ету операциясы кезінде қаза тапқан он екі батырдың есімдері мен жерленген орындары белгілі. Ағымдағы жылдың сәуір айында Хорватия азаттық соғысының ардагері, «Еске алу» қоғамының төрағасы Дамир Яшаревич «Қызыл Армия іздерімен» атты тарихи-танымдық экскурсияны ұйымдастырып, Кеңес жауынгерлері қатысуымен кескілескен шайқастар өткен Меджимурье аймақтарын аралады.
Анықтама: 2022 жылдың тамыз айында Елшіліктің бастамасымен «Atamnyn Amanaty» қазақстандық қоғамдық бірлестігі мен «Еске алу» қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта Хорватия аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан және хабарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеу және мәңгілік есте сақтау шаралары қарастырылған.
ҚР Хорватиядағы Елшілігі