
Вировитица, 2024 ж. 16 ақпан. Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі А. Камалдинов Хорватияның Вировитица қаласында өтіп жатқан 27-ші Халықаралық бизнес, қолөнер және ауыл шаруашылығы "ViroExpo-2024" көрмесіне қатысты. Көрмеде Хорватия, Босния және Герцеговина, Германия, Сербия, Словакия және басқа елдерден 500-ге жуық компанияның өнімдері мен қызметтері ұсынылған.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Хорватия Премьер-Министрі А.Пленкович, ХР Үкіметінің мүшелері және аймақ басшылығы қатысты.
Биылғы жылы көрме шеңберінде Қазақстан Елшісі ХР ауыл шаруашылығы министрі М.Вучковичпен, экономика және тұрақты даму министрі Д.Хабиянмен, Хорватияның бизнес топтарының өкілдерімен кездесулер өткізіп, олардың барысында Қазақстан Республикасының экспорттық мүмкіндіктерімен және құрылып жатқан ҚР-Хорватия Іскерлік кеңесі шеңберіндегі іскерлік ынтымақтастықтың келешегімен таныстырып, а.ж. сәуір айына жоспарланған Қазақстан-Хорват бизнес-форумына қатысуға шақырды.
Елші хорватиялық бизнесті Қазақстанның индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық даму жобаларына белсенді қатысуға шақырды. Осы жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының ҚР Үкіметінің жаңа құрамының алдына қойған міндеттеріне сәйкес бірінші кезектегі назар аударылатын болады.
Viroexpo Хорватияда 1996 жылдан бері өткізіліп келеді және жыл сайын 30 мыңнан астам қатысушыны - өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, бизнестің және сауданың жетекші компанияларын және жалпы жұртшылықты жинайтын Балқан аймағындағы ең ірі көрмелердің бірі болып табылады. Халықаралық көрменің тұрақты қатысушылары-Венгрия, Германия, Босния және Герцеговина, Сербия, Словакия, Австрия, Черногория, Словения, Чехия, Польша және басқа елдер болып табылады.