Загреб, 2024 жылғы 25 қаңтар - Қазақстан мен Хорватия экономика министрлері Әлібек Қуантыров пен Дамир Хабиянның, екі елдің дипломаттары және салалық министрліктері мен ведомстволары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Хорватия Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ҮАК алғашқы отырысы өтті.
Мәжіліс барысында тараптардың өкілдері екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін жан-жақты талқылап, ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Сонымен қатар энергетика, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі, көлік және коммуникациялар, ақпараттық технологиялар, туризм және денсаулық сақтау салалардағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді.
ҚР Ұлттық экономика министрі А.Қуантыров отырысқа қатысушыларды ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, шетелдік инвесторлар үшін преференциялар туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, хорватиялық компанияларды қазақстандық нарықтағы инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды. ЕО-да контейнерлік тасымалдардың өсу мүмкіндіктері және транзиттік және экспорт-импорттық операцияларды өзара ұлғайту үшін Қазақстан мен Хорватия арқылы Азиядан Еуропаға ТХКБ мультимодальды сервисінің артықшылықтары атап өтілді. Қазақстандық металлургия, мұнай химиясы, машина жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту әлеуеті айтылды. Хорватия тарапы "Астана" ХҚО-ның инвестициялық ынтымақтастық платформасы ретіндегі қызметімен таныстырылды.
Өз кезегінде Хорватия Республикасының Экономика және тұрақты даму министрі Д.Хабиян экономикалық әлеуетті ескере отырып, сауда қатынастарын одан әрі әртараптандыруға және тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған қадамдарды қабылдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық тараптың жақын арада Загребте екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен Іскерлік кеңес құру және оның инаугурациялық отырысы мен Бизнес-форумын өткізу жөніндегі бастамасы толық қолдауға ие болды.
Отырыс қарсаңында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ мен хорватиялық "Janaf" компаниясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, ол мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау және сақтау саласындағы іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттеу және тәжірибе алмасуды көздейді.
Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 1-ші отырысының қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды. Құжатта тараптардың екіжақты тауар айналымы көлемінің өсуін қамтамасыз ету және басым салаларда өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін бірлескен жұмысты жалғастыру ниеті көрсетілген.
Загребке сапар аясында, ҚР Ұлттық экономика министрі А.Қуантыров Хорватия Премьер-министрі А.Пленковичпен кездесуді өткізді. Хорватия үкіметінің басшысы ҮАК қорытындыларына қанағаттанушылығын білдіріп, қабылданған шешімдерді қолдап, хорват тарапының Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жан-жақты кеңейтуге дайындығын растады.
А.Пленкович Хорватияның Еуроодақ деңгейінде Астананың бастамаларын қолдауға дайын екенін мәлімдей отырып, ҚР басшылығына мемлекетті, экономика мен қоғамды ауқымды жан-жақты жаңғыртуды жүзеге асыруда сәттілік тіледі.
Анықтама: Хорватия Республикасы ЕО-ға мүше 27 елдің арасында Қазақстанмен өзара сауда көрсеткіштері бойынша 12-ші орында. Қазақстан нарығында құрылыс, ақпараттық технологиялар, фармацевтика, азық-түлік өнеркәсібі және сауда салаларында 20-ға жуық хорватиялық компаниялар жұмыс істейді.
ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі