Хорватияда "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ мен Jadranski naftovod d.d. арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды

Хорватияда "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ мен Jadranski naftovod d.d. арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды

Загреб, 2024 жылғы 24 қаңтар - Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның бірінші отырысы қарсаңында, ҚР Елшісі Ақылбек Камалдинов пен ХР Елшісі Рафик Шабанович қатысуымен, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) төрағасының орынбасары Болат Закиров және Jadranski Naftovod d.d. (JANAF) Басқарма Төрағасы Степан Аданич өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Құжат мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау және сақтау саласындағы іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін бірлесіп зерттеуді көздейді. Сонымен қатар, меморандум тараптардың тұрақты басқаруды үнемі жетілдіруге деген қызығушылығын және әлемдік энергетиканың сын-қатерлеріне жауап беру бойынша тәжірибе алмасуды жолға қою ниетін көрсетеді.

Қол қою рәсімінен кейін Б.Закиров меморандум энергетика саласындағы Хорватия тарапымен одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың негізін қалайтынын мәлімдеді. Өз кезегінде С.Аданич бұл құжат қазақстандық мұнайды еуропалық нарықтарға тасымалдау саласындағы кооперацияны дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстанның ЕО-ға энергия ресурстарын сенімді жеткізуді қамтамасыз етудегі маңызды рөлін ескере отырып, ҚМГ мен Хорватияның ұлттық мұнай операторы JANAF арасындағы ынтымақтастықты тереңдету энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосады, деп мәлімдеді Хорватиядағы ҚР Елшісі А.Камалдинов.

Анықтама: логистикалық байланыстар мен энергия ресурстарын жеткізу маршруттарын қайта форматтау жағдайында Адриа мұнай құбырлары жүйесі мұнай мен мұнай өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріне тасымалдауда шешуші рөл атқаруда. 2023 жылдың 11 айында осы бағыт бойынша сомасы 303,6 млн АҚШ долларына қазақстандық мұнай экспортталды.

 

ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі