Загреб, 2024 ж. 17 қаңтар - Қазақстан Елшісі Ақылбек Камалдинов Хорватияның Премьер-министрінің орынбасары - Теңіз, көлік және инфрақұрылым Министрі Олег Бутковичпен кездесу өткізді, оның барысында көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.
А.Камалдинов О.Бутковичті Еуропамен тұрақты логистикалық байланыстарды әртараптандыру мақсатында Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту бойынша Қазақстан жүзеге асырып жатқан ауқымды жобалармен таныстырды. ТХКБ-ны Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) түйіндестіру және осы бағыт бойынша жүктердің мультимодальды тасымалын кеңейту үшін Хорватияның аймақтағы негізгі буын ретіндегі маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстаннан Еуропа елдеріне және қарама-қарсы бағытта жүктерді тасымалдау үшін Хорватияның негізгі теңіз порттарының (Риека, Задар, Плоце) мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану мәселелерін талқылады. Омишал мұнай терминалы арқылы қазақстандық мұнайды ауыстырып тиеу көлемін ұлғайтуға өзара мүдделілік расталды (2023 жылғы қаңтар-қараша кезеңінде осы бағыт бойынша 303,6 млн долларға қазақстандық мұнай экспортталды).
Кездесу аясында О.Буткович Қазақстан мен Хорватия арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін қозғады. Қазақстандық дипломат тұрақты әуе қатынасының табысты жұмыс істеуі үшін визалық режимді ырықтандыру да қажет екенін атап өтті. Бұл адамдардың жинақтылығына, B2B контактілерінің дамуына ықпал тигізіп, туристік ағындардың динамикасына оң әсер етеді.
Өз кезегінде Министр О.Буткович Хорватия тарапы еуропалық деңгейде Қазақстанның визалық режимді жеңілдету жөніндегі бастамаларын қолдауы үшін Хорватияның Ішкі істер министрлігімен келіссөздер жүргізу ниетін атап өтіп, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша диалогты бастауды ұсынды.
Сонымен қатар, Хорват министрі ТХКБ және TEN-T түйіндестіру бойынша бірлескен жұмысқа дайындығын растай отырып, көліктік-логистикалық салада Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді. Қазақстандық тараптың Хорватияның порт инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі жоспарлары аймақтағы транзиттік энергетикалық және логистикалық хабты дамыту бойынша Загребтің басымдықтарына толық сәйкес келетіні атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломатиялық арналар арқылы екі елдің көлік министрлері арасында сапарлар алмасу кестесін талқылау және осы бағыттардағы жұмыстарды, оның ішінде ү.ж. 25 қаңтарында Қазақстан мен Хорватия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның бірінші отырысы шеңберінде, жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі