Загребте Қазақстан мен Хорватияның энергетика саласындағы ынтымақтастығын нығайту жолдары талқыланды

Загребте Қазақстан мен Хорватияның энергетика саласындағы ынтымақтастығын нығайту жолдары талқыланды

Загреб, 2023 жылғы 22 қараша - ағымдағы жылғы 21-22 қараша аралығында Қазақстанның Хорватиядағы Елшілігінің қолдауымен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ өкілдері Jadranski naftovod (JANAF) компаниясының және Хорватияның экономика және тұрақты даму министрлігінің басшылығымен келіссөздер жүргізді.

Анықтама: хорватиялық JANAF компаниясы Крк аралындағы мұнай терминалын, Риекадағы мұнай өңдеу зауытын және Хорватия аумағындағы Адриа мұнай құбырлары жүйесін басқарады. Мұнай құбырының жобалық өткізу қабілеті жылына 34 млн. тоннаны құрайды, орнатылған - 20 млн. тонна.

Тараптар энергетикалық ынтымақтастықтың перспективаларын, әсіресе мұнайды тасымалдау және транзиттеу мәселелерін, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның бірінші отырысына дайындық барысын талқылады.

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Болат Закиров хорватиялық әріптестерді Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттарын әртараптандыру және Транскаспий бағытын дамыту бойынша атқарған жұмыстарымен таныстырды.

Қазақстанның ЕО-дағы энергоресурстардың жетекші әрі сенімді жеткізушісі ретіндегі орнын ескере отырып, Хорватия тарапы Балқан және Шығыс Еуропа елдеріндегі тұтынушыларға "Адриа" мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнай экспортының көлемін кеңейтуге қызығушылық білдірді.

ЕО мен Хорватияға қазақстандық экспортты кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу үшін қазақстандық делегация Крк аралындағы "Омишал" мұнай терминалына барып, Кострена қаласындағы мұнай өңдеу зауытының қызметімен танысты.

Аталған және өзара қызығушылық тудыратын өзге де жобаларды іске асырудың практикалық аспектілерін одан әрі зерделеу мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.