Мәжілісте Хорватиямен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Мәжілісте Хорватиямен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Бүгін Мәжілісте Қазақстан-Хорватия парламентаралық ынтымақтастығының келешегі талқыланды. Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған депутаттар Хорватия Республикасы Саборының (Парламент) вице-спикері Даворко Видовичпен кездесті. Парламентшілер екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға келісті, деп хабарлайды.

 

Биыл Қазақстан мен Хорватия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Айгүл Құспан осы уақыт аралығында елдер көпқырлы әріптестікті кеңейтіп, екіжақты байланысты жоғары деңгейге жеткізе алғанын атап өтті. Саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы тығыз өзара іс-қимыл – осының дәлелі.

 

– Біз Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі болған Хорватияның жетістігіне қуаныштымыз және Балқанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қолдаудағы күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңізді аймақтағы негізгі сыртқы саяси серіктестердің бірі ретінде қарастырамыз. Бізді туризм, IT-технологиялар, білім беру, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, спорт, теңіз инфрақұрылымы саласындағы хорват тәжірибесі өте қызықтырады, – деді депутат.

 

А.Құспан саяси ынтымақтастықтың маңызды бағыты парламентаралық байланыстарды дамыту екенін атап өтті. Бұл орайда екі елде жұмыс істейтін достық топтарының рөлі ерекше (Қазақстандағы достық тобын Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов басқарады). Келесі жылы Хорватияның Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастық тобының Астанаға келуі жоспарланды. Бұл елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға жаңа серпін береді.

 

– «Хорватия-Қазақстан» достық тобы бұл күнді асыға күтеді. Парламентаралық топтар арасында біз саяси және экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымын көріп отырмыз. Біз Қазақстанға Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес ретінде ғана емес, тұтастай алғанда әлемде елеулі орны бар мемлекет ретінде қараймыз. Ұлттық мүддеге қол жеткізу және тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында өзінің сыртқы саясатын өте мұқият әрі парасаттылықпен жүргізіп отырған Қазақстанның рөлін құрметтейміз, – деді Даворко Видович.

 

Хорватия Саборының вице-спикері Қазақстанды президенттік сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, елде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады. Сондай-ақ виза алу тәртібін жеңілдету және қазақстандықтар үшін Хорватияның бірнеше пункттеріне тікелей әуе қатынасын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.