
Бүгін Қазақстан Республикасы мен Хорватия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толды.
Осы атаулы датаға орай екі елдің президенттері мен сыртқы істер министрлері өзара құттықтау хаттарын алмасты.
Осы кезеңде біз теңдік пен сыйластық қағидаттарына негізделген сенімді және өзара тиімді ынтымақтастық орнаттық.
Астана мен Загреб халықаралық ұйымдар аясында бір-біріне белсенді қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында белсенді өзара іс-қимыл жасауда.
Қазақстан мен Хорватия экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән береді. Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-Хорват Іскерлік кеңесі жемісті жұмыс істеуде және жақын арада Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияны өткізу жоспарлануда. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы қарқынды өсуде. Мәселен, 2021 жылы өзара тауар айналымы 680,9 миллион АҚШ долларын құраса, биылғы жылдың сегіз айында ол 352,1 миллион АҚШ долларын құраған.
Мәдени-гуманитарлық саладағы тығыз байланыстар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы саладағы ынтымақтастыққа көрнекті қоғам қайраткерлерінің, Хорватияның ғылым, білім және мәдениет өкілдерінің қатысуымен Хорват-Қазақстан достық қоғамының қызметі елеулі үлес қосуда.
Ынтымақтастықтың 30 жылында қол жеткізілген жетістіктер тараптардың екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген шынайы ұмтылысын растайды.
Қазақстан Республикасының Елшілігі Қазақстан мен Хорватия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай екі ел арасындағы жылы, достық және әріптестік қарым-қатынастардың қалыптасу тарихын көрсететін арнайы бейнеролик дайындады.