Хорватияда фашизмге қарсы соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Хорватияда фашизмге қарсы соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Жеңіс күніне орай, Хорватиядағы ҚР Елшілігі гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Дипломаттар Загребтегі Еуропадағы ең үлкен зираттардың бірінде «Мирогой» және Югославия аумағындағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ең үлкен шайқасы - Батина майданында қаза тапқан Кеңес жауынгерлерін еске алу мемориалында қаза тапқан жауынгерлер мен фашизм құрбандарын еске алды.

Іс-шараға Хорватия антифашистер одағының мүшелері, дипкорпустың өкілдері, сондай-ақ Хорватия Президентінің адам құқықтары және азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі кеңесшісі Мелита Мулич қатысты.

Загреб мэрі Томислав Томашевичтің шақыруымен Еуропа күні мен Ұлы Жеңіс күнін мерекелеуге арналған мерекелік шараларға да дипломатиялық корпус қатысты.

Анықтама: Батина ауылындағы мемориалдық кешен (Загребтен 315 км.) екі мыңнан астам кеңес жауынгерлерінің сүйектері жерленген бауырлас қабірдің орнында салынған. Қаза тапқан батырлардың ішінде – Дунай өзенінің оң жағалауындағы (Батина ауылы, Югославия) плацдармды кеңейту ұрыстарында 315-ші атқыштар дивизиясының 22-ші атқыштар ротасын басқарған Қарағанды облысының тумасы Хамит Садуов бар. 1944 жылы 19 қарашада оның ротасы фашистердің шабуылына ерлікпен тойтарыс беріп, жаудың 230 солдаты мен офицерін жойды. Ерлігі мен батырлығы үшін қазақстандық жауынгер қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі

2022 жылғы 9 мамыр