Сплит қаласының әкімімен кездесу туралы

Сплит қаласының әкімімен кездесу туралы

Ү.ж. 16 наурызда ҚР Хорватиядағы Елшісі Т.Барлыбаев жұмыс сапарымен Далматия-Сплит аймағының астанасы Сплит қаласына барды.

Қала әкімі Ивица Пулякпен кездесу барысында тараптар Қазақстан-Хорватия ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Хорватия арасындағы тауар айналымы екі еседен астам өсіп, 680,9 млн. АҚШ долларын құрағаны атап өтілді.

Қазақстан Елшісі Сплит басшылығын ҚР-дағы жағдай, саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы және Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басым әлеуметтік-экономикалық шаралар туралы хабардар етті.

Салық саясатын оңтайландыру, Қазақстан экономикасының басым секторларында инвесторларға преференциялар мен субсидиялар беру жөніндегі шараларды қамтитын Қазақстанның инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасының маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстандық дипломат қала басшылығына Қазақстанның Сплиттегі Құрметті консулдығының қызметін қолдағаны үшін алғысын білдірді, ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға, туристік, білім беру және мәдени алмасуларды кеңейтуге ықпал етеді. Ағымдағы жылы қазақстандық жас футболшылардың "Далматинко" халықаралық турниріне қатысуы жоспарлануда, оған Германия, Италия, Австрия, Хорватия және басқа да мықты футбол дәстүрлері бар елдердің командалары қатысады. Турнирге қатысу қазақстандық жас футболшыларға допты иелену шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, келіссөздер барысында Хорватиямен дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Қазақстанның мәдени тұсаукесерін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сплит қаласының орталық алаңдарының бірінде танымал қазақстандық музыканттардың концерті мен фотокөрме өткізу жоспарлануда.

Сапар барысында Қазақстан мен Хорватия арасындағы екіжақты қарым – қатынастарды дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін Елші Т.Барлыбаев Сплит қаласындағы «Kazakh Invest» ҰК тәуелсіз серіктесі Ивица Пиричке халықаралық құрметті марапат - Абай медалін табыс етті.

ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі