
2022 жылғы 01 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты. Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс.
«– Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.
Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін ілгерілетуді және партияның ашықтығын басты мәселе ретінде айқындады. Оның айтуынша, Аманат – озық ойлау мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін негізгі ұйым.
Украинада болып жатқан қазіргі жағдайда осы айтылған барлық мәселенің мәні зор.
«– Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман бітім артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан, қажет болса, делдалдық қызметтермен қоса, барлық көмек түрлерін көрсетуге дайын.