Хорватияда қазақстандықтарға қолдау сөзін білдірді

Хорватияда қазақстандықтарға қолдау сөзін білдірді

2022 жылғы 10-11 қаңтарда Загребтегі Қазақстан Елшілігіне ХР экс-президенті Степан Месич, Хорватия-Қазақстан достығы қоғамының төрағасы Андрия Карафилипович және Хорватияның басқа да көрнекті қоғам қайраткерлері келді. Қазақстан достарының бейресми бірлестігінің қатысушылары Елшіліктің көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Экс-Президент С.Месич Алматыда және Қазақстанның басқа да қалаларында болған террорлық актілердің салдарынан адам өліміне байланысты барлық қазақстандықтарға жылы көңілін білдірді. Ол Хорватия елі осы оқиға әсерінен туыстары мен достарынан айрылғандардың қайғысы ортақ екенін, сондай-ақ жараланғандардың тезірек жазылуына үміттенетінін атап өтті.

Хорватиялық қайраткер ел басшылығының конституциялық тәртіпті қалпына келтіру, террористік топтарды жою, қазақстандықтардың өмірін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жедел және батыл шараларын құптады. Лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.

Хорватия-Қазақстан достығы қоғамының төрағасы Андрия Карафилипович өздерінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін бейбіт әлеуметтік наразылықтарды пайдаланған террористік және қылмыстық топтардың ерекше цинизмі мен қатыгездігіне наразылығын білдірді. Ол осы қылмыстарға қатысы бар адамдар лайықты жазаға тартылатынына сенім білдірді.

А.Карафилипович ҚР басшылығының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаттарын ұстануының және демократиялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз етуге жүйелі көзқарастың маңыздылығын атап өтті. Ол Президент Қ.Тоқаевтың Үкіметтің жаңа құрамы алдына қойған міндеттері экономикалық және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге қызмет етіп, Қазақстанды дамытуға бағытталған жаппай саяси реформалар бағытын жалғастыруды қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі