
Ү.ж. 12 қарашада Елші Төлежан Барлыбаев Пагуош ғалымдар қозғалысының Бас хатшысы Паоло Котто-Рамузиноның, ХР экс-Президенттері Степан Месич пен Иво Йосиповичтің, академик Иво Шлаустың, профессор Гётц Нойнектің, сондай-ақ ядролық қаруды қысқарту және бақылау саласындағы басқа жетекші сарапшылардың және Германия, Нидерланды, Үндістан, Әзербайжан, Хорватия, Швейцария, Жапония және басқа елдер дипломаттарының қатысуымен Хорватия Президенті Зоран Милановичтің қамқорлығымен ұйымдастырылған Пагуош ғалымдар қозғалысының Хорват конференциясына қатысты.
Бейнеконференция форматында қатысушылар ядролық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, соның ішінде жаппай қырып-жою қаруларын бақылау және ядролық технологияларды пайдалану, жасанды интеллект және киберкеңістікте жаңа қауіп-қатерлердің туындауы аясында стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі аспектілері бойынша практикалық ұсыныстарды талқылады. COVID-19 пандемиясымен байланысты шектеулерге қарамастан, осы саладағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды және диалогтың көпжақты форматтарын жандандыру қажеттілігі атап өтілген болатын.
Конференцияда сөз сөйлеген Елші Төлежан Барлыбаев Қазақстан планетаның ядросыз болашағы жолында нақты қадамдар жасаған әлемдегі бірінші мемлекет болғанын атап өтті. Атап айтқанда, қарусызданудың жаһандық процесіне ҚР басшылығының Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту туралы тарихи шешімдері, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру және Қазақстанның халықаралық бастамаларын іске асыру қуатты серпін берді.
Дипломат Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінберінен 2045 жылы осы ұйымның жүз жылдық мерейтойына орай планетаны ядролық қарудан толығымен азат ету туралы үндеуін тағы да атап өтті. ҚР-ның БҰҰ-дағы ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін белгілеу, ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларацияны қабылдау, "АТОМ" жобасын іске асыру, сондай-ақ "ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын" тағайындау жөніндегі бастамаларының маңыздылығы атап өтілді.
Конференцияға қатысушылар Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру идеясын жүзеге асырудағы елеулі үлесіне жоғары баға берді. Төрт жыл бұрын Парламент Сенаты мен ҚР СІМ қолдауымен Қазақстанда өткен Ғылым және жаһандық мәселелер жөніндегі 62-ші Пагуош конференциясының табысты қорытындылары атап өтілді. Қазақстан басшылығының идеялары Пагуош ғалымдар қозғалысының мақсаттарына сәйкес және бейбітшілік пен біздің планетамыздың қауіпсіздігі үшін ядролық қатерді азайтуға бағытталған. Конференцияның екі күндік пікірталас қорытындысы бойынша ғалымдарының ядролық қаруды таратпау режимін арттыру және халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ұсынымдары әзірленді.
Анықтама: Пагуош ғалымдар қозғалысы ― бейбітшілік, қарусыздану, қауіпсіздік және ғылыми ынтымақтастық үшін халықаралық үкіметтік емес ғылыми ұйым. Қозғалыс Пагуош қаласынан (Канада) өз атауын алды, онда 1957 жылы ғалымдардың алғашқы кездесуі өтті, онда әлемдік саясаттың маңызды аспектілері, атап айтқанда ядролық соғыс қаупі талқыланды. 1995 жылы Пагуош ғалымдар қозғалысы Нобель сыйлығына ие болды.