Ү.ж. 29 қазанында Загреб қаласында Қазақстанның Елшісі Төлежан Барлыбаев қалалық зираттағы Халық қаһармандары мен партизандардың мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Іс-шараға Хорватия астанасының басшылығы, Әзірбайжан, Ресей, Сербия елшіліктері, фашизмге қарсы қоғамдық ұйымдар мен достық қоғамдары қатысты. Рәсімге қатысушылар бауырлас бейітке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан жауынгерлер мен фашизм құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұған дейін Югославияны фашизмнен азат ету үшін шайқастарда қаза тапқан қазақстандықтарды мәңгі есте қалдыру жұмысы аясында қазақстандық дипломат әскери қабірлерді іздестірумен және II-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқандардың есімдерін анықтаумен айналысатын Хорватия мемориалдық қауымдастығының басшысы Дамир Ясаревичпен кездесу өткізді.
Отырыс барысында Штригово ауылындағы жауынгерлерінің бауырлас бейітінің орнында Еске алу мемориалы мен Достық саябағын салу жобасының барысы қаралды. Мемориалдық кешеннің ашылуы 2022 жылдың сәуір айына жоспарланған. Хорватия аумағындағы бауырлас бейіттерге жерленген қазақстандықтардың есімдерін анықтау жұмыстарын жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Елші Д.Яшаровчике қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгілікке қалдырудағы қызметі үшін алғысын білдірді.
1945 жылы сәуірде Қызыл Армияның Вена стратегиялық шабуыл операциясы аясында Хорватияның солтүстігіндегі Меджимур жупаниясында 3-ші Украин майданының фашистермен кескілескен шайқастары болды. Мыңдаған қазақстандықтар бұрынғы Югославияны фашизмнен азат ету шайқастарына қатысып, олардың көпшілігі майдан даласында мәңгі қалды.
ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі