
2021 жылғы 14 сәуірде Загреб қаласында Еуропа департаментінің директоры Тимур Сұлтанғожин бастаған ҚР СІМ делегациясының қатысуымен Қазақстан-Хорват СІМ-аралық консультациялары өтті.
Келіссөздерге ХР Сыртқы және еуропалық істер министрінің орынбасары Петар Михатов қатысты. Хорват делегациясын ХР СЕІМ Еуразия және Океания департаментінің директоры Дунья Сичая, аумақтық және экономикалық ынтымақтастық бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлері ұсынды.
Консультациялар барысында екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Хорват тарапы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылындағы негізгі жетістіктері және саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды дәйекті ілгерілету жөніндегі қазақстандық басшылық шаралары туралы хабардар етілді.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың серпінді, үдемелі дамуын, сондай-ақ 2020 жылдың қорытындысы бойынша 330 млн АҚШ доллардан асқан өзара сауданың өсуін атап өтті. Бірінші отырысы ағымдағы жылдың мамыр айында жоспарланған Қазақстан-Хорватия Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының қызметін іске қосудың маңыздылығы атап өтілді.
Екі елдің СІМ-нің парламентаралық, ведомствоаралық және өңіраралық байланыстарды, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуі туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы ынтымақтастық туралы екіжақты құжаттар қол қоюға әзірленді, құқықтық көмек және денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимыл туралы келісімдердің жобалары пысықталуда.
Халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасу барысында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық пен өзара қолдау мәселелері талқыланды. ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері атап өтілді. Қазақстан тарапы Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы қызметінің шеңберінде есірткі трафигіне қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
Сыртқы саяси консультациялардың қорытындылары бойынша ҚР мен Хорватияның СІМ-дерінің 2021-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары әзірленді, екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы қарқынды диалогты дамытуға екі жақты бағыттылығы расталды.
ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі