Хорватияда Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған іс-шаралар өтті

Хорватияда Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне  арналған іс-шаралар өтті

Ү.ж. 30 қарашада Загребтегі Қазақстан Елшілігі Хорватияның ұлттық және Университеттік кітапханасына хорват және ағылшын тілдерінде шығарылған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптар жинағын сыйға тартты.

Кітаптарды табыстау рәсімі барысында кітапхана директоры, профессор, ғылым докторы Иванка Стричевич қазақстандық тарапқа кітаптары үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және қазіргі заманғы дамуына оқырмандардың зор қызығушылығын атап өтті. Өз кезегінде ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев шығармалар топтамасы хорват оқырмандары Қазақстанның тарихымен, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік даму тәжірибесімен таныса алатындай етіп таңдалғанын атап өтті.

Кітапхана басшылығына Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі», «Әлем эпицентрі» кітаптары, халықаралық саясаттың негізгі тақырыптары бойынша таңдап алынған баяндамаларының жинақтары, сондай-ақ Қазақстан көшбасшысының қызметі туралы әдеби монографиялар, барлығы 100 дана берілді.

1607 жылы негізі қаланған Хорватияның Ұлттық және Университеттік кітапханасы - ең ірі ғылыми кітапхана, оның кітап қорында 3,5 миллионға жуық басылымдар, соның ішінде ежелгі қолжазбалар мен Орта ғасырлардағы фолианттар бар.

Тұңғыш Президент күніне орай Загребтегі Қазақстан Елшілігінде Хорватияның экс-президенті Степан Месич бастаған бейресми «Қазақстан достары клубының» отырысы өтті, сондай-ақ студенттердің қатысуымен жастар шахмат турнирі ұйымдастырылды.

ҚР Елшілігінің Хорватиядағы Баспасөз қызметі