Шэньси өңірі Чжоуцзи уезінің іскерлік тобы Түркістан облысының ауыл шаруашылық саласына инвестиция салуға мүдделі

Шэньси өңірі Чжоуцзи уезінің іскерлік тобы Түркістан облысының ауыл шаруашылық саласына инвестиция салуға мүдделі

Сиань, 2025 жылғы 25 қаңтар – Қазақстан Республикасының Бас консулы Ж.Қыраубаев Шэньси өңірі Чжоуцзи уезінің іскерлік тобы басшылығымен кездесіп, 2024 ж. желтоқсанда Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысына ұйымдастырылған сапар нәтижелерін және инвестициялық ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Қытай тарапы оңтүстік Қазақстанның табиғи жағдайларын, климаттық артықшылықтарын және тұрғындарының іскерлік факторларын талдау негізінде майлы дақылдарды өсіру және өңдеу бойынша бірегей кешенді жоба ұсынды. Тәжірибелік жоба 50 мың гектар жерге арнайы шығарылған бидай сорттарын отырғызу және ғылыми өсіру жоспарларына негізделген. Заманауи басқару әдістері, интернет мүмкіндігімен жасанды интеллект және механикаландырылған техниканы қолдану арқылы аграрлық өнім сапасын арттыруға, фермерлердің табысын көбейтуге және аймақтың тұрақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Ауыл шаруашылығы дрондарын қолдану мен өндірудің табысты тәжірибесі өндірістің тиімділігін және сапасын арттырады, саланың жаңартылуына ықпал етеді. Сонымен қатар, қытайлық аграрлық өнімдерін терең өңдеуге арналған заманауи технологиялары мен жабдықтары, сондай-ақ логистикаға және инфрақұрылымдық құрылысқа (қоймалар, жеткізу тізбектері, маркетплейстер және т.б.) елеулі инвестициялық салымдар қарастырылған.

Кездесу нәтижесінде Бас консулдық және Шэньси өңірі Чжоуцзи уезінің инвестициялық компаниялар тобы Қазақстан аймақтарының қажеттіліктеріне сәйкес қызығушылық танытқан тараптардың басшылары мен мамандарының екі жақты сапарларын ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады. Тараптар осы бағытта тығыз жұмыс істеуге қызығушылық танытты.