
Сиань, 2024 жылғы 6 қыркүйек – Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен қатар «Қазақстан Республикасының 2029 ж. дейінгі ұлттық даму жоспарының» негізгі бағыттарын болу елінің түрлі сала өкілдеріне жеткізу мақсатында ҚР Сиань қ. Бас консулдығының ұйымдастыруымен Шэньси өңірінің эксперттік қоғамының қатысуымен дөңгелік үстел өткізілді.
Іс-шара барысында Бас консул Жошыхан Қыраубаев қытай тарапын мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жүргізіліп жатқан реформалармен бірге негізгі басымдықтары жайында кеңінен таныстырды. Ұлттық даму жоспарында белгіленген экономика мен қоғамның түпкілікті түрлену жобалары Қазақстанның облыстық аймақтары мен Шэньси өңірі арасындағы инвестициялық ынтымақтастық қарқынын арттыруға жол ашатынын жеткізді.
Дөңгелек үстелге қатысқан жергілікті үкімет және іскерлік топ өкілдері ҚР Үкіметі тарапынан инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған алғышарттар нәтижелері мен бизнесті ынталандыруға жаңа салық жүйесінің жетілуі жағымды ықпал етеді деген баға берді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Шетелдік инвестиция көздеріне барлық деңгейде жан-жақты көмек көрсетілуі» жайында берілген тапсырмасын үлкен сеніммен қарсы алды. Үкімет жанындағы Инвестиция штабы тарапынан ауқымды түрде шетелдік инвесторлардың мүдделері қорғалатынына кепілдіктер артылатыны ерекше атап өтілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырылатын ірі жобаларға қызығушылық танытты.
Бас консул қатысушыларға Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ерекше тоқталған энергетика, коммуналдық шаруашылық, туризм, табиғатты қорғау және көгалдандыру, машина жасау сияқты маңызды салалардағы нақты жобаларына қаржы салу тиімділігін түсіндірді. Дүниежүзілік саяси ахуал мен экономикалық шектеулерді мысалға келтіре отырып, еліміздің геосаяси орны мен алыс-жақын елдермен қалыптасқан тату серіктестік қатынас тұрақтылығының жемісі «Қазақстанда өндірілген» тауар түрлерінің экспорттық әлеуетінің жоғарылығы атап өтілді.
Мемлекет даму бағдарламасымен таныса келе, қытайлық бизнестік топ өкілдері Қазақстандағы жаңа энергия көзін дамыту, экологиялық мәселелерді шешу бағытында «жасыл» жобаларға қатысу мүмкіндігі туралы ынтасын білдірді.
Іс-шара шеңберінде тараптар өзара тиімді ықпалдастықты жалғастыруға және Бас консулдықтың ұйымдастыруымен әр түрлі бағытта қытайлық кәсіпкерлердің Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапарларын жақын арада ұйымдастыруға келісті.