
Сиань, 2024 жылғы 19 тамыз - Қазақстан Республикасының Сиань қ. Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси өлкесіндегі «Сиань су компаниялар тобы» ЖШС-да болып, суды үнемдеудің заманауи технологияларын қолдану әдістерімен танысты. Ластанған суды табиғатқа тазартып қайтару, қайта өңдеу, тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мен су сапасының жоғары деңгейде адам өміріне залалсыз болуын қадағалау процестерімен тереңінен танысты. Сонымен қатар, ауыз судың қолжетімділігін арттыру бойынша қолданымдағы жаңа технологиялық әдістердің Қазақстан өңірлерінде пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.
Сианьдық су компаниясы ауыз суды тазалаушы технологияны инвестициялау, арнайы нысандар құрылысын салу және оны басқару, жер асты дренаж, сор және шөл жерлерді суландыру, ластанған су қоймаларын тазарту және суын қайта өңдеуде маманданған.Қала су құбырларын жасау мен канализация желісін қалпына келтіріп, суды пайдаланудың тиімділігін арттыруда.
Кездесу барысында Қазақстанның ирригациялық жүйелерінің отандық өндірісін құру мақсатында кәсіпорынның тәжірибесі мен мүмкіндіктерін пайдалану перспективалары талқыланды. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрліктерінен нақты сұраныс болған жағдайда компания мамандары ауыл шаруашылықта, елді-мекендерде, өндірісте суды үнемдеу технологияларымен және суды алу/беру үшін қажетті инфрақұрылымды жасақтаудың нақты ғылыми және практикалық шешімдерін ұсына алатындығын мәлімдеп, қажетті серіктестік жұмыс жасауға мүдделігін танытты.
Аталған сұрақтар шеңберінде Бас консулдық пен «Сианьдық су компаниялар тобы» ЖШС-і тиісті зерттеу әрекеттерін ұйымдастыру және жобалық жұмыстарын әзірлеу мақсатында арнайы маманданған қызметкерлерінің Қазақстанның өңірлеріне сапарлау мүмкіндігі қарастырылды. Тараптар осы бағытта өзара ықпалды жұмыс атқаруға ынталы екенін білдірді.