Шэньси өлкесі Қазақстан өңірлерімен экологиялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Шэньси өлкесі Қазақстан өңірлерімен экологиялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Сиань, 2024 жылғы 13 тамыз - Қазақстан Республикасының Сиань қ. Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси өлкесіндегі M-GRASS Ecology&Environment Group нысандарын аралап, компанияның экологиялық мәселелерді шешудегі заманауи жобаларымен танысты.

M-GRASS экологияға залал келген аймақтарда экожүйені қалпына келтіру мен арнайы өсімдіктердің тұқымын өсіру технологиясын меңгерген жетекші кәсіпорын. Компания шөл және шөлейт зоналарда табиғи фаунаны қалпына келтірудің ғылыми және практикалық шешімдерін әзірлеумен айналысады. Құмды, сортаң және сілті жерлерді өңдеу, сондай-ақ суы тапшы аумақтарда суды үнемдейтін бақшаларды егеді. Қаланы көгалдандыру мен табиғи орман екпе саяжайларын қалпына келтіруге маманданған. M-GRASS компаниясы Ішкі Монголия, Тибет, Шыңжаң, Шэньси, Юньнань, Ханчжоу, Сямынь өңірлерінде және Қытайдың басқа аумақтарында 1,1 млн. гектарға жуық табиғи апатқа ұшыраған немесе шаруашылық пен тұрмысқа жарамсыз жерлерді қалпына келтірген. Компанияның базасында Қытайдың аумағындағы өсімдік ұрықтарының ең толық банкін және шөп сұрыптаудың тәуелсіз жүйесін құрған. Мал шаруашылығына қажетті құнарлы жем-шөп түрлерін дайындау ісімен де айналысуда.

Кездесу барысында M-GRASS заманауи технологиясын Қазақстанның шөлейт аймақтарында және экологиялық зардап шеккен өңірлерде, карьерлер мен полигондар т.б. жерлерді қалпына келтіру мүмкіндіктері талқыланды. Компания мамандары топырақ пен су ресурстарын, сулы-батпақ жерлерді сақтау, топырақ эрозиясы мен шөлейттердің алдын алу және бақылау бойынша шешімдерді әзірлеу, сондай-ақ қоршаған ортаны сақтаудың кешенді технологиялары мен соған байланысты экологиялық өнімдерді қамтамасыз ету мен пайдалану мүмкіндіктерін зерттейді. Қазақстан тарапынан сұраныс болған жағдайда, нақты ғылыми және практикалық шешімді ұсына алатындығын мәлімдеді.

Қозғалған барлық сұрақтар шеңберінде M-GRASS Ecology&Environment Group өзінің 13 ғылыми-зерттеу институттарының базасында Қазақстандағы бірқатар экологиялық мәселелерді шешу бағытында «жасыл» жобаларға қатысуы мүмкіндігі туралы ынтасын білдірді. Осы бағытта Бас консулдықпен өзара ықпалды жұмыс атқаруға келісті.