Бас консулдың Ганьсу өлкесінің Сыртқы істер басқармасы басшылығымен ресми кездесуі өтті

Бас консулдың Ганьсу өлкесінің Сыртқы істер басқармасы басшылығымен ресми кездесуі өтті

Сиань қаласы 2023 жылғы 18 қазан - Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Ганьсу өлкесінің Сыртқы істер басқармасы басшысының орынбасары Ма Цуньмен кездесті.

Ма Цунь мырза мамыр айында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары шеңберінде Бас консулдықтың ашылуымен құттықтап, дипломатиялық өкілдіктің екіжақты қатынастарды одан әрі нығайта түсуге  сөзсіз ықпал ететінін атап өтті.

Кездесуде екі тарап мемлекетаралық сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік, мұнай-газ, химия, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы кадрлармен тәжірибе алмасу салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру және туризм саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Бас консул Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша ҚР Үкіметі қабылдаған заң қағидаларымен, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен егжей-тегжейлі таныстырып, екі елдің іскер топтары арасындағы экономикалық өзара қарым-қатынастарды дамыту әлеуеті туралы пікірімен бөлісті.

Сондай-ақ, Бас Консул Ганьсу өлкесі мен Қазақстан өңірлері арасында тығыз және өзара тиімді байланыс орнату бойынша белсенді жұмысын ілгерілету қажеттілігіне тоқталды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның мүдделі өңірлері мен Ганьсу провинциясы арасындағы сауда-инвестициялық және мәдени-білім беру өзара іс-қимылын одан әрі нығайту, сондай-ақ 2024 жылы бірлескен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық іс-шараларды өткізу перспективаларын талқылады.

Қытай тарапы жылда өтетін Ланчжоу халықаралық сауда жәрменкесіне Қазақстан тарапын «бас қонақ» ретінде  шақыруға ниет білдірді.

Ганьсулықтар Бас консулдық базасында пилотты түрде ашылған ҚР отандық өнімдер көрмесімен танысып, Ганьсу өлкесінің тұрғындары Қазақстанның өнімдерін сүйсіне тұтынатынын және сұраныстың баршылығын атай отырып, «Қазақстан өнімдері» сатылатын орындарды ашуға Бас консулдық жағынан ықпал етуді сұрады.  

Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты үдемелі дамыту мақсатында Бас консулдық пен Ганьсу өлкесінің Сыртқы істер басқармасы талқыланған бағыттар бойынша өзара ынталы жұмыс жүргізуге келісті.