Бас консулдың Сиань қаласының Чанба экологиялық округінің басқару комитетінің орынбасарымен ресми кездесуі өтті

Бас консулдың Сиань қаласының Чанба экологиялық округінің басқару комитетінің орынбасарымен ресми кездесуі өтті

Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жұмысты ілгерілету мақсатында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығында Сиань өңірінің бірқатар мемлекеттік және жеке бизнес өкілдіктерінің басшыларымен кездесу өтті. Кездесуде Бас консул Жошыхан Қыраубаев Сиань қаласының Чанба экологиялық округінің басқару комитетінің орынбасары Чэн Цзиньмен мемлекетаралық сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік, мұнай-газ, химия, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру және туризм саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында кәсіпкерлермен Қазақстанның нарығына шығу мүмкіндіктері туралы талқыланып, мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларға жасалып жатқан жеңілдіктер мен Кедендік одақ, логистикалық мүмкіндіктері жайында түсініктеме берілді.

Қытайлық кәсіпкерлер Қазақстан аумағында күн сәулесі мен жел қуатын қолданатын тоқ шығарушы зауыт салуға, құрылыс материалдарын шығаруға, тоқпен және гибридті авто көліктерді жөндеу орталықтарын салу, тамақ өңдеу өнеркәсібі, қытайлық медицина орталығын ашу мен оқушылар алмасуға қызығушылық танытып, пікір алмасты.

Бас консул Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша ҚР Үкіметі қабылдаған заң қағидаларымен, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен егжей-тегжейлі таныстырып, екі елдің іскер топтары арасындағы экономикалық өзара қарым-қатынастарды дамыту әлеуеті туралы пікірімен бөлісті.

Бас консул өз жағынан қалалық қоқыс өңдеу мен энергетика, ауыз су тазалау технологиясына қызығушылық бар екендігін, осы саладағы инвестордың қажеттігін баса айтты.

Кездесу нәтижесінде тараптар жоғарыда талқыланған бағыттар бойынша қытайлық кәсіпкерлердің делегациясын жасақтап, жыл соңына дейін Қазақстанға арнайы сапарын ұйымдастыруға келісті.