
Ү.ж. 6 маусымда ҚР Сиань қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Алматы облысы туризм басқарма басшысы А.Теменов пен Шэньси провинциясы Мәдениет және туризм басқармасының орынбасары Мэн Сянгуомен ресми кездесуі өтті.
Мэн Сянгуо А.Теменовті Шэньси провинциясының мәдени және туристік мүмкіндіктерімен таныстырып, сондай-ақ провинцияның Қазақстанмен достық қарым-қатынастары тұрақты дамып келе жатқандығына тоқталды. Атап айтқанда, туристік өнімдерді әзірлеу, екі жақты туристік ағындар, мәдени алмасулар және т. б. саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміт білдіріп, Қазақстан Республикасының Бас консулдығы мен Алматы облысының туризм басқармасын биылғы жылдың тамыз айында ұйымдастырылатын тоғызыншы халықаралық «Жібек жолы» өнер фестиваліне қатысуға шақырды.
Өз кезегінде А.Теменов Шэньси провинциясының мәдениет және туризм департаментіне Алматы облысының туристік ресурстарын және мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан инвестициялық саяси реформалармен таныстырып, провинцияның қытайлық серіктестерін, Алматы облысының туристік кластеріне инвестиция салуға мүдделі тұлғаларды шақырды. Бұдан басқа, басқарма Шэньси провинциясымен туристік алмасулар мен ынтымақтастықты нығайтуға, туризмді дамытудың озық тәжірибесін зерделеуге, Алматы облысында туризм саласын дамытуға күш салуға ниетті. 2024 жылы Қытайда «Қазақстандық туризм жылын» өткізуге белсенді үлес қосуға дайын екенін білдірді.
Кездесуде тараптар Қазақстан Республикасы Президентінің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары шеңберінде «Визалық талаптардан 30 күн дейінгі мерзімге өзара босату туралы» келісімге қол қоюдың уақтылы екендігін ризашылықпен атап өтті. Визасыз режим екі мемлекет арасындағы өзара экономикалық дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар жылдар бойы қалыптасқан екі ел арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты жоғары бағалады және бұл екі өңірдің дамуына қосымша үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.