
Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси провинциясының мемлекеттік активтерді қадағалау және басқару жөніндегі комитетінің Партия хатшысы Жэнь Гомен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Шэньси провинциясы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Шэньси провинциясының қаржы институттарының жекелеген жобаларды қаржыландыруға қатысу мүмкіндігін талқылады.
Бас консул сұхбаттасушыны Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша ҚР Үкіметі қабылдаған заң қағидаларымен, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен егжей-тегжейлі таныстырып, екі елдің іскер топтары арасындағы экономикалық өзара қарым-қатынастарды дамыту әлеуеті туралы пікірімен бөлісті.
Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік, мұнай-газ, химия, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру және туризм саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында Шэньси провинциясы парткомының хатшысы Чжао Идэ мырзаның ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстанға жоспарланған сапарын мұқият дайындау жөнінде шаралар қабылдауды, провинцияның экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктерін ескере отырып, елеулі нәтижелерге қол жеткізу мақсатында делегация құрамын одан әрі қалыптастыру үшін Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан бірқатар ірі қытайлық компанияларды айқындауды ұсынды.
Өз тарапынан визави осы бағыттағы жұмысты жедел бастауға және талқыланған мәселелерді іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру мақсатында олардың қызметімен танысу үшін бірнеше қытайлық кәсіпорындарға баруды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша кездесуде көтерілген барлық мәселелер шеңберінде тығыз жұмыс байланыстарын өзара жандандыруға келісті.