
Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси провинциясы Халық үкіметі төрағасының орынбасары, Сиань қаласы әкімінің міндетін атқарушы Е Нюпинмен кездесті.
Е Нюпин мырза жаңа тағайындалуымен құттықтап, оның Сиань қаласындағы Бас консулы лауазымындағы кезекті қызметі жоғары деңгейде қалыптасқан екіжақты қатынастарды одан әрі нығайта түсуге сөзсіз ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде Бас консул осы бағытта жинақталған тәжірибесі мен өзінің барлық күш-жігерін екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамыту үшін жұмсауға ниетті екенін мәлімдеді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру мен туризмді дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлінді.
Сондай-ақ, ү.ж. 21 сәуірінен бастап Қазақстанның Астанасы мен Қытайдың тарихи астанасы Сиань арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы тараптардың шешімі өз уақытына сай екендігі ризашылықпен атап өтілді.
Сондай-ақ, Бас Консул Сиань қаласы мен Қазақстан өңірлері арасында тығыз және өзара тиімді байланыс орнату бойынша белсенді жұмысын ілгерілету қажеттілігіне тоқталды.
Орайлы кезеңде, тараптар ҚР Бас консулдығының Сиань қаласында ашылуы мен оның ұйымдастырушылық жұмысына қатысты мәселелері бойынша пікір алмасты.
Өз тарапынан Е Нюпин мырза талқыға шығарылған мәселелерді іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты үдемелі дамыту мақсатында Бас консулдық пен Сиань қаласының Халық Үкіметі өзара тұрақты жұмыс байланыстарына қолдау білдіруге келісті.