GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қазақстан және ДСҰ
Тұрақты өкілдік туралы
Байланыс ақпарат
Все материалы
09 октября 2026
Қазақстан мен Оман екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Женева, 2026 жылғы 9 қазан – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және Женевадағы басқа да халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Оман Сұлтандығының Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бөлімшесі және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Идрис Абдул Рахман Әл-Ханджаримен кездесті.

Кездесу барысында ҚР ДСҰ жанындағы Тұрақты өкіл Қ. Төребаев пен Тұрақты өкіл И. Әл-Ханджари екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын салалардағы әріптестікті нығайту перспективаларын талқылады.

Цифрландыру және телекоммуникациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар сындарлы диалогты одан әрі нығайтуға және көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді.

02 октября 2026
Қазақстан ДЗМҰ-ның жасанды интеллект және зияткерлік меншік жөніндегі Бірінші жаһандық форумына төрағалық етеді

Женева, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан 2026 жылғы 9-10 қарашада Женевада өтетін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) жасанды интеллект (ЖИ) және зияткерлік меншік жөніндегі Бірінші жаһандық форумына төрағалық етеді. Форум ҚР Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) жанындағы және халықаралық экономикалық ұйымдардағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың төрағалығымен өтеді.

Жаңа халықаралық алаң министрлерді, ұлттық ведомстволар басшыларын, технологиялық компаниялар, ғылыми орта және шығармашылық индустриялар өкілдерін біріктіреді. Талқылаудың негізгі тақырыптары – ЖИ әзірлеу кезінде шығармалар мен деректерді пайдалану, авторлар мен өнертапқыштардың мүдделерін қорғау, сондай-ақ жаңа технологиялар қалыптастыратын экономикалық құнды бөлу мәселелері.

Форумға дайындықтың алғашқы кезеңі ретінде бүгін, 2 қазанда ДЗМҰ штаб-пәтерінде мүше мемлекеттердің елшілеріне арналған брифинг өтті. Оны Тұрақты өкіл Қ. Төребаев ДЗМҰ Бас директорының көмекшісі Кен Нацумэмен бірлесіп өткізді. Қатысушылар Форумның мақсаттары мен бағдарламасын талқылады.

Тұрақты өкіл Қ. Төребаев жасанды интеллект дәуірінде зияткерлік меншік экономикалық дамудың негізгі құралдарының біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл саладағы шешімдер елдердің бәсекеге қабілеттілігіне, контент жасаушыларға тиісті сыйақы төлеуге және ұлттық инновацияларды дамыту мүмкіндіктеріне әсер етеді. Сонымен қатар, олар мәдени және тілдік әртүрлілікті сақтауға қатысты болғандықтан, бұл мәселелерді талқылау саяси және дипломатиялық деңгейде стратегиялық маңызға ие.

Пікірталас барысында елшілер технологияларға қолжетімділікті кеңейтуге, ұлттық құзыреттерді нығайтуға және цифрлық алшақтықты қысқартуға ерекше назар аударды. Адам шығармашылығын қорғау мен технологиялық дамуды қолдау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ дамушы және шағын мемлекеттердің инновациялық үдерістерге белсенді қатысуына мүмкіндік жасау қажеттігі талқыланды.

Тұрақты өкіл Қ. Төребаев мемлекеттерді Форумға дайындық жұмыстарына белсенді қатысуға, бейінді министрліктер мен ведомстволарды тартуға, практикалық тәжірибемен бөлісуге және талқылауға арналған тақырыптарды ұсынуға шақырды.

Қазақстан үшін Форум халықаралық қауымдастыққа жасанды интеллект және зияткерлік меншік саласындағы жетістіктерін таныстыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның ДЗМҰ-ның жаңа алаңына төрағалық етуі елдің инновациялар мен шығармашылықтың болашағы жөніндегі жаһандық диалогқа қатысуын нығайтып, халықаралық ынтымақтастық үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

29 сентября 2026
Қазақстан мен ХЭО Африкада цифрлық дағдыларды дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Душанбе, 2026 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан Африка елдерінде цифрлық дағдыларды дамытуға және адами капиталды нығайтуға бағытталған жаңа бастаманы жариялады. Бастама 29–30 қыркүйекте Душанбе қаласында өтіп жатқан Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) ТМД елдеріне арналған өңірлік форумы аясында таныстырылды.

Бастама шеңберінде Қазақстан Африка елдерінің қатысушыларына цифрлық технологиялар, бағдарламалау және жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламалары бойынша 100 тегін оқу орнын ұсынады. Бұл ретте ең аз дамыған елдер мен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің талантты жастарына ерекше назар аударылады.

Бастама Халықаралық электр байланысы одағының қолдауымен және ХЭО-ның Электр байланысын дамыту бюросымен (BDT) тығыз ынтымақтастықта іске асырылатын болады. Бюро қазақстандық білім беру бағдарламаларының провайдерлерімен бірлесіп, қатысушыларды тарту және іріктеу үдерісін үйлестіруге жәрдемдеседі.

Қазақстанда alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығын, Astana Hub технопаркін және ақпараттық технологиялар саласындағы бірқатар білім беру бастамаларын біріктіретін қарқынды дамып келе жатқан цифрлық экожүйе қалыптасқан. Олардың қатарында Tech Orda бағдарламасы және peer-to-peer оқыту моделіне негізделген бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша Tomorrow School мектебі бар.

Африка елдеріне білім алу мүмкіндіктерін ұсыну Қазақстанның жинақтаған тәжірибесін өңірден тыс жерлерде цифрлық құзыреттерді дамытуға пайдалануға мүмкіндік береді.

Бастама Partner2Connect цифрлық коалициясының мақсаттарын қолдауға, «Оңтүстік – Оңтүстік» ынтымақтастығын дамытуға және жаһандық цифрлық алшақтықты қысқарту жөніндегі ХЭО күш-жігеріне жәрдемдесуге бағытталған.

Қазақстан цифрлық трансформация, жасанды интеллект, инновациялық экожүйе мен адами капиталды дамыту бағыттарында ХЭО-мен өзара іс-қимылды дәйекті түрде нығайтып келеді. Жаңа бастама заманауи цифрлық білімге қолжетімділікті кеңейтуге және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған Қазақстанның практикалық үлесіне айналады.

Анықтама: ХЭО-ның ТМД елдеріне арналған өңірлік форумы 2026 жылғы 29–30 қыркүйекте Душанбе қаласында өтуде. Форум өңір мемлекеттерінің, ХЭО және басқа да мүдделі тараптардың өкілдерін цифрлық дамудың басымдықтары мен өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін біріктіреді.

29 сентября 2026
Қазақстан Жаһандық инновациялық индексте 8 сатыға көтеріліп, соңғы он жылдағы ең үздік нәтижемен позициясын нығайтуда

Женева, 2026 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) 2026 жылғы Жаһандық инновациялық индексінде (Global Innovation Index, GII) елеулі ілгерілеу көрсетіп, бірден 8 сатыға көтерілді және әлемнің 139 экономикасы арасында 81-орыннан 73-орынға шықты. Бұл – Қазақстанның соңғы 10 жылдағы ең үздік нәтижесі.

Өңірлік көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында 1-орынға, ал Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы арасында 2-орынға ие болды. Табыс деңгейі орташадан жоғары 35 елдің ішінде Қазақстан 17-орынға орналасты. Ең елеулі ілгерілеу инновациялық нәтижелер бойынша тіркелді. Инновациялық нәтижелер субиндексі (Innovation Outputs) бойынша Қазақстан бірден 11 сатыға көтеріліп, 84-орыннан 73-орынға шықты, ал инновациялық ресурстар субиндексі (Innovation Inputs) бойынша 75-орыннан 73-орынға жақсарды.

GII 2026 нәтижелері Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдеріне арналған Индекстің алдын ала таныстырылымы аясында ұсынылды.

Қазақстанның рейтингтегі позициясының жақсаруына ұлттық және халықаралық деңгейлерде жүргізілген жүйелі жұмыс негіз болды. 2026 жыл ішінде Қазақстан Республикасының Женевадағы Тұрақты өкілдігі GII мәселелері бойынша ДЗМҰ-мен тікелей өзара іс-қимыл орнатып, нақты индикаторларға, оларды есептеу әдістемесіне және деректердің сапасына басымдық берді.

Тұрақты өкілдіктің бастамасымен ДЗМҰ сарапшылары мен Қазақстанның мемлекеттік органдарының қатысуымен жеке онлайн-консультация ұйымдастырылды. Оның барысында ел көрсеткіштері, дереккөздер, жетіспейтін және ескірген статистикалық мәліметтер, сондай-ақ одан әрі жұмыс істеу бағыттары егжей-тегжейлі қаралды. Консультациялар қорытындысы бойынша Тұрақты өкілдік GII жөнінде нақты ұсынымдары бар талдамалық материал әзірлеп, оны Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдарына жолдады. Халықаралық статистиканың сапасына және Қазақстан бойынша деректердің уақтылы әрі дұрыс көрсетілуіне ерекше назар аударылды.

Атқарылған жұмыс Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы өзара іс-қимылды рейтингті жыл сайынғы мониторингтеуден нақты көрсеткіштер, дереккөздер және мемлекеттік саясаттың қажетті шаралары бойынша мазмұнды жұмыс форматына көшіруге мүмкіндік берді.

Қол жеткізілген ілгерілеуге қарамастан, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстар, университеттер мен бизнестің өзара іс-қимылы, венчурлік қаржыландыру, инновациялық кластерлерді дамыту, бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ ғылыми-техникалық жарияланымдар бағыттарында одан әрі өсу әлеуеті сақталып отыр.

Тұрақты өкілдік GII-дің жекелеген көрсеткіштері мен әдістемесі бойынша ДЗМҰ-мен өзара іс-қимылды жалғастырады. Келесі міндет – қол жеткізілген нәтижені бекіту және Индекстің негізгі индикаторлары бойынша мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы есебінен Қазақстанның позициясын одан әрі жақсарту.

24 сентября 2026
Қазақстан Нью-Йоркте жасанды интеллект саласындағы кадр даярлау тәжірибесімен бөлісуде

Нью-Йорк, 2026 жылғы 24 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өтіп жатқан жоғары деңгейлі апталық шеңберінде Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) ұйымдастырған AI Skills Coalition жоғары деңгейлі кездесуінде Қазақстан жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы адами капиталды дамытудың ұлттық тәсілін таныстырды.

Кездесуді ашқан ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында қажетті білім мен дағдыларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету негізгі жаһандық сын-қатерлердің біріне айналып отырғанын атап өтті. ХЭО бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін шамамен 1,2 млрд адамды базалық цифрлық дағдыларға оқыту қажет.

Іс-шарада Қазақстан атынан ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму Вице-министрі Досжан Мұсалиев сөз сөйледі. Ол мектептегі білім беру мен кәсіптік оқытудан бастап ғылыми зерттеулер мен технологиялық кәсіпкерлікке дейінгі ЖИ мамандарын жүйелі даярлау туралы айтып берді.

Қазақстанның басты мақсаттарының бірі – алдағы бес жыл ішінде 5 млн-нан астам адамды цифрлық және ЖИ дағдыларына оқыту. Осы мақсатта AI Sana, Tomorrow School, AI Olympiad және Tech Orda бағдарламалары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен басшыларға арналған мамандандырылған бағдарламалар іске асырылуда.

Бүгінде Қазақстандағы 79 жоғары оқу орны ақпараттық технологиялар (IT) және жасанды интеллект салаларында білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда, оларда 76 мыңнан астам студент білім алуда. Alem.ai халықаралық орталығы білім беру, зерттеу және стартап бастамаларын біріктіріп, заманауи есептеу инфрақұрылымына қолжетімділік ұсынады. Tech Orda бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам адам оқудан өтті, ал түлектердің 90%-дан астамы жұмысқа орналасты.

Талқылауға Тринидад және Тобаго, Пәкістан және Доминикан Республикасының өкілдері, сондай-ақ ХЭО, БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік банк, технологиялық компаниялар мен білім беру қауымдастығының өкілдері қатысты.

AI Skills Coalition кездесуі жекелеген білім беру бастамаларынан ЖИ құзыреттерін ауқымды дамытуға және ұлттық экожүйелерді нығайтуға көшу мәселелеріне арналды. Қазақстан осы жұмысқа белсенді қатысуға және жасанды интеллект экономикасы үшін кадр даярлау бойынша өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін растады.

22 сентября 2026
Қазақстан Giga мастер-классында спутниктік байланысты дамыту тәжірибесімен бөлісуде

Женева, 2026 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бірлескен Giga бастамасы аясында ұйымдастырылған Giga Learning Hub алғашқы мастер-классына қатысты.

«Ауылдық мектептерді Интернетке қосу үшін спутниктік технологияларды пайдалануды тиімді реттеу» тақырыбындағы мастер-класс спутниктік байланысты реттеу және шалғай аумақтарды Интернетке қосу саласындағы практикалық тәжірибе алмасуға арналды.

Giga-ның шақыруымен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің өкілі цифрлық инфрақұрылымды дамыту, спутниктік технологияларды қолдану және цифрлық алшақтықты қысқарту бойынша Қазақстанның ұлттық тәжірибесін таныстырды.

Сөз сөйлеу барысында 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасының негізгі бағыттары ұсынылды. 2027 жылдың соңына қарай Қазақстан халықтың 100%-ын Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл ретте ауылдық елді мекендердің 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты Интернетпен, ал ең шалғай елді мекендер спутниктік байланыс арқылы қамтылатын болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда спутниктік Интернеттің үш операторы жұмыс істейді, тағы екі компанияның нарыққа шығуы күтілуде. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін мобильді байланыстың қолжетімділігін одан әрі кеңейту мақсатында Direct-to-Cell (D2C) технологиясын іске қосу жоспарлануда.

Анықтама үшін: Giga – мектептерді Интернетке қосуға бағытталған ХЭО мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен бастамасы. Giga Learning Hub Masterclass сериясы цифрлық байланыстылық саласындағы практикалық шешімдермен алмасу үшін мемлекеттік органдардың, реттеушілердің және салалық сарапшылардың өкілдерін біріктіреді.

22 сентября 2026
Астана тарихтағы алғашқы WIPO City of Innovation 2026 байқауының 15 финалистінің қатарына енді

Женева, 2026 жылғы 22 қыркүйек – Астана WIPO City of Innovation 2026 – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) инновациялар мен креативтілікті дамыту жөнінде нақты міндеттемелер қабылдайтын қалаларды тану мақсатында 2026 жылы алғаш рет тағайындалған жаңа жаһандық сыйлығының 15 финалистінің қатарына енді. Қазақстан астанасы алғашқы байқаудың финалында ұсынылған Орталық Азиядағы жалғыз қала болды және алғаш рет осы сыйлыққа үміткерлер қатарына қосылды.

Финалға әлемнің 11 елінен 15 қала өтті – Шарлеруа (Бельгия), Шанхай (Қытай), Джайпур және Тируванантапурам (Үндістан), Амман және Бергиш/Ирбид муниципалитеті (Иордания), Астана (Қазақстан), Тетуан және Рабат (Марокко), Эчаге (Филиппин), Калдаш-да-Раинья (Португалия), Мәскеу (Ресей Федерациясы), Муанг-Лампхун және Рой-Эт (Таиланд), сондай-ақ Ливерпуль (Ұлыбритания).

Қазақстан Республикасының Женевадағы ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен биылғы маусым айында ДЗМҰ-ға Қазақстанның үш қаласының өтінімі ұсынылды. Халықаралық іріктеу қорытындысы бойынша Астана алғашқы WIPO City of Innovation байқауының финалистері қатарына енді.

ДЗМҰ финалистердің ресми парақшасында Астананы цифрлық технологиялар тұрғындардың қажеттіліктері мен қазіргі заманғы қалалық сын-қатерлерге тікелей жауап беретін өздігінен тұрақты жұмыс істейтін инновациялық экожүйе қалыптастыруға ұмтылатын қала ретінде таныстырады. Негізгі бағыттардың қатарында жасанды интеллект негізіндегі Smart City технологияларын дамыту, дербестендірілген мемлекеттік қызметтерге арналған бірыңғай цифрлық терезе құру, инновациялық экожүйені нығайту, сондай-ақ тұрақты даму мен қалалық ортаның қолжетімділігін арттыру үшін технологияларды пайдалану атап өтілген.

Астананың өтінімінің негізінде алдағы 12 айға арналған трансформация бағдарламасы жатыр. Оның негізгі элементтерінің бірі Astana Smart City. Бұл ақпараттық жүйелерді, заттар интернеті (IoT) датчиктерін, көлік инфрақұрылымын және қаланың цифрлық егізін біріктіретін қаланы басқарудың бірыңғай интеллектуалдық жүйесі.

Тағы бір маңызды бағыт – astana.kz платформасын «қала – қызмет ретінде» (City as a Service) моделі бойынша дамыту. Бұл дербестендірілген қызметтерді алуға және тұрғындардың жасанды интеллект ассистентінің көмегімен қаламен өзара іс-қимыл жасауына арналған бірыңғай цифрлық кеңістік құруды көздейді. Сонымен қатар елорда білім беру мен стартаптарды акселерациялаудан бастап, зерттеу мен әзірлемелерге (R&D) және технологиялық шешімдерді халықаралық нарыққа шығаруға дейінгі инновациялардың толық циклін дамытуды жоспарлап отыр.

Келесі кезең – Женева

2026 жылғы 12 қазанда Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде WIPO City of Innovation марапаттау рәсімі өтіп, онда үшке дейін жеңімпаз қала жарияланады. Рәсім БҰҰ Мэрлер форумының алтыншы отырысы аясында өтеді.

Жеңімпаздар өздерінің инновациялық бастамаларын таныстыру үшін халықаралық алаңға, инновациялар мен зияткерлік меншік саласындағы жаһандық қоғамдастықпен өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндігіне, сондай-ақ ДЗМҰ-ның ақпараттық ресурстары арқылы қалалық жобаларды қосымша ілгерілетуге қол жеткізеді.

12 қазанда Женевада Астананың тарихтағы алғашқы WIPO City of Innovation атағының иегерлері қатарына енетін-енбейтіні белгілі болады.

Астананың ДЗМҰ-ның алғашқы байқауының финалына шығуы және Орталық Азияның жалғыз өкілі мәртебесіне ие болуы елордада цифрландыру, жасанды интеллект, Smart City, тұрақты даму және қалалық инклюзивтілік салаларында іске асырылып жатқан бастамаларға халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

15 сентября 2026
Қазақстан мен ДЗМҰ зияткерлік меншік және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Женева, 2026 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, зияткерлік меншік жүйесін цифрландыруға, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге және елдің инновациялық экожүйесін нығайтуға ерекше назар аударды.

Атап айтқанда, ұлттық цифрлық платформалардың ДЗМҰ құралдарымен одан әрі ықпалдасуы, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жүргізу барысында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері қаралды. Тараптар алдағы Жаһандық инновациялар индексінің жариялануын да талқылады. ДЗМҰ-мен бірлесіп Қазақстанның инновациялық жүйесінің дамуын көрсететін тиісті ұлттық деректер мен индикаторларды өзектендіру бойынша жүргізілген жұмыс атап өтілді. Қазақстан тарапы атқарылған жұмыс пен ұлттық инновациялық экожүйені дамытудағы қол жеткізілген ілгерілеу алдағы Индекс нәтижелерінде көрініс табатынына үміт білдірді.

ДЗМҰ-ның зияткерлік меншік және жасанды интеллект жөніндегі Жаһандық форумына дайындыққа ерекше назар аударылды. Форум 2026 жылғы 9–10 қарашада Женевада өтеді. Қазақстан Форум жұмысына, оның ішінде отандық жасанды интеллект саласының өкілдерін тарта отырып, белсенді қатысуға мүдделі екенін растады. Қазақстанның Тұрақты өкілі іс-шара жұмысына төраға ретінде қатысады. Тараптар жасанды интеллект пен зияткерлік меншік жүйесінің өзара ықпалдастығына қатысты мәселелер бойынша халықаралық диалогтың ерекше өзектілігін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстанның WIPO City of Innovation Award сыйлығына қатысуы да талқыланды. Қазақстан Астана, Қонаев және Қарағанды қалаларының инновациялық және цифрлық дамуға қатысты әртүрлі тәсілдерін таныстыратын өтінімдерін ұсынды. Сыйлықтың қорытындылары 2026 жылғы 12 қазанда жарияланып, үш қалаға дейін жеңімпаз деп танылуы күтілуде. Марапаттау рәсімі Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде БҰҰ-ның 6-шы Мэрлер форумы (Sixth UN Forum of Mayors) аясында өтеді.

ДЗМҰ Бас директоры Қазақстанның Ұйыммен белсенді өзара іс-қимылын және екіжақты ынтымақтастықтың оң серпінін жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар зияткерлік меншік, инновациялар және жаңа технологиялар саласындағы практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

11 сентября 2026
Қазақстан мен Уганда ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады

Женева, 2026 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және Женевадағы басқа да халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Уганда Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропа кеңсесі және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Марсель Роберт Тибалекамен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында тараптар қазақстан-угандалық қатынастардың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ цифрлық сала мен адами капиталды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Екі елдің Женевадағы көпжақты алаңдардағы ынтымақтастығына және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылды.

Тараптар тұрақты байланыстарды сақтауға және Қазақстан мен Уганда арасындағы конструктивті диалогты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.

10 сентября 2026
ДСҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Камерундық әріптесімен кездесу өткізуді

Женева, 2026 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және Женевадағы басқа халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Камерун Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Женевадегі Бөлімшесі және басқа халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Саломон Эхетпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар қазақстан-камерун қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара тиімді серіктестіктің жаңа бағыттарын іздестіру мәселелеріне назар аударды.

Екі елдің Женевадағы көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылына, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктеріне жеке назар аударылды.

Тараптар тұрақты байланысты сақтау және Қазақстан мен Камерун арасындағы конструктивті диалогты одан әрі дамыту ниетін растады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы