Қазақстан ДЗМҰ-да генетикалық ресурстар және олармен байланысты дәстүрлі білім туралы халықаралық шарт жасасуға мүдделі

Қазақстан ДЗМҰ-да генетикалық ресурстар және олармен байланысты дәстүрлі білім туралы халықаралық шарт жасасуға мүдделі

Женева, 2024 жылғы 13-14 мамыр – Дипломатиялық конференция ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттердің 1200-ге жуық делегаттарының, оның ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, жетекші ғылыми сарапшылар мен бақылаушылардың, әлемнің түкпір-түкпірінен келген басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен өз жұмысын бастады.

ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттердің делегаттары генетикалық ресурстар және олармен байланысты дәстүрлі білім туралы шарттың мәтіні бойынша келіссөздердің соңғы кезеңіне ресми түрде кірісті. Соңғы рет ДЗМҰ-да осындай жоғары деңгейдегі келіссөздер он жыл бұрын өткен болатын.

Осы құжаттың мақсаты генетикалық ресурстарға және олармен байланысты дәстүрлі білімге қатысты патенттік жүйенің тиімділігін, транспаренттілігін және сапасын арттыру, сондай-ақ осы салада жаңалығы немесе өнертапқыштық деңгейінсіз өнертабыстарға патенттердің қате берілуін болдырмау болып табылады.

ДЗМҰ бас директоры Дарен Танг келіссөздерге қатысушыларды нәтижеге қол жеткізу үшін ұлттық ұмтылыстар мен прагматикалық тәсіл арасындағы тепе-теңдікті табуға шақырды.

ДЗМҰ Дипломатиялық конференциясының ашылуында ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі
Жанар Айтжан Қазақстан делегациясының генетикалық ресурстарға және олармен байланысты дәстүрлі білімге қатысты патенттік жүйенің тиімділігін, ашықтығы мен сапасын арттыруға бағытталған ДЗМҰ-ға мүше елдердің күш-жігерін қолдауға дайындығын растады.

Тұрақты өкіл Ж. Айтжан конференцияның барлық қатысушыларын саяси ерік-жігерін көрсетуге және халықаралық шартты сәтті жасасу үшін қажетті сындарлы, прагматикалық, икемді және теңгерімді тәсілді қолдануға шақырды.

Қазақстанның Тұрақты өкілі сондай-ақ іс-шараның мақсаты генетикалық ресурстар және олармен байланысты дәстүрлі білім туралы көптен күткен құқықтық құжат жасасумен қатар, ДЗМҰ-ға мүше елдердің экономикалық дамуына ықпал ететін және тұтастай алғанда жаһандық қоғамдастықтың игілігі үшін жұмыс істейтін уағдаластықтарға қол жеткізуге қабілетті көпжақты дипломатияның тиімділігін әлемге көрсету де болып табылатынын ерекше атап өтті.