ДСҰ-ның 13-ші министрлік конференциясының негізгі қорытындылары

ДСҰ-ның 13-ші министрлік конференциясының негізгі қорытындылары

Абу-Даби, 2024 жылғы 25 ақпан – 2 наурыз – Біріккен Араб Әмірліктерінің төрағалығымен Дүниежүзілік сауда ұйымының (МК-13) 13-ші министрлік конференциясы өтті. Бастапқыда МК-13 өткізу кезеңі ағымдағы жылғы 25-29 ақпанға жоспарланған, алайда ДСҰ күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша көпжақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында бір жарым күнге ұзартылды. 

2022 жылғы маусымда Қазақстанның төрағалығымен сәтті өткен МК-12-де қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін осы конференция барысында әлемдік сауда үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Оларға Шығыс Тимор мен Комор аралдарының ДСҰ-ға жаңа мүше елдер ретінде кіруі, МК-13 қорытынды министрлік декларациясын келісу, ДСҰ-дағы дауларды шешу жөніндегі органды реформалау (ДШО), электрондық сауданы дамыту, саудадағы техникалық кедергілерді, санитарлық және фитосанитарлық шараларды реттеу және т. б. жатады.

Осылайша, ДШО-ны реформалау туралы министрлік шешіміне сәйкес ДСҰ-ға мүше елдердің министрлері қызметі 2019 жылдың желтоқсанында тоқтатылған Ұйымның апелляциялық органын қалпына келтіру жөніндегі келіссөздерді жеделдету міндеттемесін қабылдады. Апелляциялық органның дағдарысына қатысты ҚР-дың ДСҰ мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан ДСҰ-ның сауда дауларын шешудің екі деңгейлі жүйесін сақтау пайдасын және сот талқылауларын жүргізу рәсімдері мен шешім қабылдау процесін оңайлатуды жақтады.

Сонымен қатар, цифрлық көрсетілетін қызметтер мен өнімдер саудасын дамытудың маңыздылығын мойындай отырып, министрлер электрондық сауда бойынша жұмыс бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға және электрондық трансмиссия импорты кезінде кедендік баждарды өндіріп алуға мораторийді 2026 жылғы ДСҰ-ның келесі министрлер конференциясына дейін ұзартуға келісті. Тұрақты өкіл Ж. Айтжанның айтуынша, бұл шешім отандық бизнес пен тұтынушылар үшін сенімділік пен болжамдылықты қамтамасыз етеді және трансшекаралық электрондық саудаға қатысушылардың қызметіне оң әсер етеді. Аумағы бойынша теңізге шыға алмайтын ең үлкен ел болып табылатын Қазақстан үшін цифрлық экономика мен электрондық коммерцияны дамыту халықаралық саудаға қатысу үшін қажетті шарт болып табылады.

Сондай-ақ, Қазақстан делегациясы қорытынды құжатын дайындауға белсенді қатысты, онда ДСҰ-ға мүше елдердің министрлері Ұйымның болашақ жұмысы үшін басымдықтарды айқындады. Мәселен, Қазақстанның бастамасы бойынша МК-13 қорытынды министрлік декларациясына теңізге шыға алмайтын дамушы елдер туралы ереже (ТШАДЕ) енгізілген. Атап айтқанда, ДСҰ-ның Сауда және даму комитетіне осы елдердің көпжақты сауда жүйесіне неғұрлым толық интеграциялануын қамтамасыз ету мақсатында ТШАДЕ алдында тұрған сауда кедергілерін анықтау үшін арнайы сессиялар өткізу тапсырылды.

Сонымен қатар, МК-13 барысында климаттың өзгеруімен және денсаулық сақтау саласындағы жаһандық пандемиямен күресу үшін қабылданатын шараларды қоса алғанда, заманауи жаһандық сауда мәселелерін шешуге ықпал ететін саудадағы техникалық кедергілерді реттеу (ТБТ) саласындағы Министрлік декларациясы қабылданды. Сонымен бірге, Тұрақты өкіл Ж. Айтжанның айтуынша, қабылданған декларация Қазақстанға ТБТ мәселелері бойынша проблемаларды еңсеруге бағытталған ДСҰ сарапшылары ұсынатын техникалық көмек пен оқытуды алу арқылы техникалық реттеу саласындағы әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

МК-13-те қорытынды сөз сөйлеген ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала сауда-саттық қазіргі заманғы дағдарыстарды шешудің бір бөлігі екенін және қол жеткізілген келісімдер пакеті ДСҰ-ға мүше елдердің геосаяси ақауларды жою, әлемдік қоғамдастық мәселелеріне жауап беру, әйелдер мен шағын және орта кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін бірігу қабілетін, сондай-ақ тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамудың жетістіктерін көрсеткенін атап өтті.

Жалпы, МК-13 қорытындылары бойынша қабылданған шешімдер ДСҰ неғұрлым өзекті жаһандық экономикалық және сауда сын-қатерлерін шешуде жетекші рөл атқаратын халықаралық сауда қағидаларын әзірлеу және реттеу жөніндегі жалғыз көпжақты алаң болып қала беретінін айғақтайды.