ДСҰ-ның 13-ші министрлік конференциясындағы Қазақстанның басымдықтары айтылды

ДСҰ-ның 13-ші министрлік конференциясындағы Қазақстанның басымдықтары айтылды

Женева, 2024 жылғы 14-15 ақпан – 25-29 ақпан аралығында Абу-Дабиде өтетін ДСҰ-ның 13-ші министрлік конференциясы (МК-13) қарсаңында әртүрлі келіссөздер бағыттарындағы прогресті талқылау мақсатында Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас кеңесінің арнайы отырысы өтті. Іс-шараға БАӘ Сыртқы сауда министрі – МК-13 Төрағасы доктор Тани бин Ахмед Аль Зейуди қатысты, ол БАӘ Үкіметі тарапынан конференция жұмысына дайындық барысы туралы баяндама жасады.

2022 жылғы маусымда Қазақстанның төрағалығымен сәтті өткен МК-12-де қабылданған шешімдерге сәйкес ҚР Тұрақты өкілі Жанар Айтжан Абу-Дабиде өтетін министрлік конференциясындағы Қазақстанның басты басымдықтары ретінде: (i) Дауларды шешу жөніндегі органның жұмысын толық қалпына келтіруді қоса алғанда, ДСҰ-ны реформалау; (ii) электрондық трансмиссия импорты кезінде кедендік баждарды алмау жөніндегі шешімді қоса алғанда, электрондық сауданы дамыту; (iii) ДСҰ-ға мүше елдердің өндірушілері арасындағы бәсекелестік жағдайларды теңестіру мақсатында ауыл шаруашылығына субсидияны реформалау; (iv) көрсетілетін қызметтер саудасы және (v) әйелдер мен шағын және орта кәсіпорындардың халықаралық саудаға қатысуын кеңейту мәселелері бойынша көпжақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті;

Тұрақты өкіл Ж. Айтжан даму мақсатында Қазақстанның белсенді қатысуымен 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ДСҰ-ның Инвестицияларды оңайлату туралы келісімі бойынша келіссөздердің аяқталғанын құптады. Осыған байланысты, Қазақстан өкілі МК-13 барысында Келісімді қабылдау инвестициялық және іскерлік климатты  жақсарту жолымен экономиканы әртараптандырудың ұлттық басымдықтарына толық сәйкес келетінін атап өтті. 

Келісімнің негізгі ережелері инвестицияларды ашық және болжамды реттеуді қамтамасыз етуге және инвестицияларға жәрдемдесудің халықаралық стандарттарын енгізуге арналған.  Осылайша инвесторларға жаңа өндірістерге қаражат салу және қолданыстағы қызметті кеңейту үшін жағдайларды жеңілдетуге мүмкіндік беріледі. Тұтастай алғанда, Келісім жаңа жұмыс орындарын құру, тауарлар мен көрсетілетін  қызметтерді өндіруге капитал тарту, инновацияларды ынталандыру және кәсіпкерлікті дамыту есебінен ДСҰ-ға мүше елдердің, әсіресе дамушы және аз дамыған елдердің мүдделерінде жалпы экономикалық өсуіне ықпал ететін болады.

ҚР Тұрақты өкілі ДСҰ-ның қызметтер саудасы жөніндегі келіссөздерінің төрағасы ретінде есеп беріп, 2023 жылғы жұмыс нәтижелерін атап өтті. Қорытындылай келе, ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала МК-13 шешімін дайындау шеңберінде келіссөздер үдерістеріне белсенді қатысқаны үшін Қазақстанға алғысын білдіріп, 12-ші министрлік конференциясының төрағасы ретіндегі еліміздің табысты тәжірибесі алдағы іс-шараның сәтті өтуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.