
Женева, 2023 жылғы 13-15 қараша – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан Түркияның ДСҰ-дағы сауда саясатының жетінші шолуына пікірталасушы ретінде қатысты.
Тұрақты өкіл Ж. Айтжан өз сөзінде Түркияның көпжақты сауда жүйесін нығайтудағы шешуші рөлін, сондай-ақ аталған елдің сауда саясатына кезекті шолудың маңыздылығын атап өтті. Аталған іс-шараның барысында ДСҰ мүшелерінде Түркияның соңғы бес жылдағы сауда-экономикалық және инвестициялық саясатына жан-жақты талдау жүргізу мүмкіндігі бар.
Қазақстанның Тұрақты өкілі Түркияның макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бәсекелестікті арттыруға, қосылған құны жоғары өндірісті ынталандыруға, сондай-ақ елді электрондық коммерция жөніндегі өңірлік орталық ретінде орналастыруға елдің 2021-2023 жылдарға арналған ұзақ мерзімді ұлттық даму және инвестиция стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі экономикалық реформаларын жоғары бағалады.
Ж. Айтжан инвестициялық және сауда саясаты саласында жүргізілген реформалар Түркия экономикасының тиімділігін арттырып, нәтижесінде ел "Үлкен жиырмалық" (G20) елдері арасында ЖІӨ өсуінің ең жоғары қарқынын көрсеткенін атап өтті.
ҚР Тұрақты өкілі ДСҰ-ға мүше елдерімен атап өтілген Түркияның негізгі қызмет көрсету салаларында қолданатын инвестициялық шараларын жақсарту, сондай-ақ тұтастай алғанда елдің сауда режимін ырықтандыру бойынша ұсынымдарын айтты.
Атап айтқанда, ДСҰ-ға мүшелер Түркияға елдің ДСҰ-дағы міндеттемелеріне сәйкес келтіру мақсатында ауыл шаруашылығы тауарларына импорттық кедендік баждардың деңгейін төмендетуді, тауарларды импорттау кезінде кедендік рәсімдерді жеңілдетуді, сондай-ақ аграрлық саланың субсидиялары мен сауда шектеулері бойынша тұрақты нотификация беру арқылы сауда саясатының транспаренттілігін қамтамасыз етуді ұсынды.
Қазақстанның Тұрақты өкілі ауыл шаруашылығы, ДСҰ-ны реформалау, электрондық сауданы дамыту, инвестицияларға жәрдемдесу, қызмет көрсету саласындағы ішкі реттеу, шағын және орта кәсіпорындардың саудаға қатысуы үшін кедергілерді жою және т. б. бойынша ұйымның ағымдағы келіссөздеріне Түркияның белсенді қатысқанын атап өтті.
Қорытындылай келе, Ж. Айтжан 2024 жылғы 26-29 ақпанда Әбу-Даби қаласында (БАӘ) өтетін ДСҰ-ның алдағы 13-ші министрлік конференциясының маңызды және субстантивті нәтижелерін қамтамасыз ету мақсатында ДСҰ-ға мүше елдермен сындарлы өзара іс-қимылға бейілділігі үшін Түркияға ризашылығын білдірді.
Жалпы, іс-шара барысында ДСҰ-ға мүше 40-тан астам елдің делегацияларының басшылары сөз сөйледі, Бұл ұйым шеңберіндегі сауда саясатын мониторингтеу мен шолудың маңыздылығын көрсетеді.