Қазақстан мен Халықаралық сауда орталығының ынтымақтастық күн тәртібіндегі шағын және орта бизнесті қолдау

Қазақстан мен Халықаралық сауда орталығының ынтымақтастық күн тәртібіндегі шағын және орта бизнесті қолдау

Женева, 2023 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан Халықаралық сауда орталығының (бұдан әрі – ХCО) атқарушы директоры Памела Коук-Гамильтонмен кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында атап өтілген Қазақстанның жаңа экономикалық саясат саласындағы басымдықтары туралы хабарлады. Атап айтқанда, сауда мен отандық өнеркәсіпті дамыту саласында Президент кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға баса назар аударды және экономиканың өңдеуші секторларына шетелдік және отандық инвестициялар алғашқы үш жылда салықтардан және басқа да міндетті төлемдерден босатылатынын атап өтті. Бұл ретте, Қазақстан экономикасы сыртқы әлемге ашық болып, бизнестің мүдделерін ескеретін болады.

Президенттің Жолдауына сәйкес, қаржылық қолдау көрсету кезінде мемлекет бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарға басымдық беретін болады. Осыған байланысты, Қазақстанның Тұрақты өкілі Ready4Trade Central Asia жобасы шеңберінде ХCО-мен ынтымақтастық Президенттің шағын және орта бизнесті (бұдан әрі-ШОБ) дамыту жөніндегі Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыруға ықпал ететінін атап өтті.

ХCО басшысы ШОБ-ты электрондық сауда саласындағы қызметінде қолдау жөніндегі жобаны іске асыру нәтижесінде 40-тан астам қазақстандық кәсіпорын 2022 жылы шамамен 500 000 АҚШ долларына онлайн-сатуды жүзеге асырғанын және бұл сандар бұдан әрі өсе беретінін хабарлады. Бұл жетістіктер әсіресе цифрлық дағдылары шектеулі және онлайн сату тәжірибесі бар жобаға қосылған микроөндірушілер үшін ерекше.

П. Коук-Гамильтон ханым сондай-ақ ХCО QazTrade-пен бірлесіп 40-тан астам тауар топтары үшін трансшекаралық сауда рәсімдері туралы ақпаратқа оңай қол жеткізуді қамтамасыз ететін қазақстандық сауда порталын сәтті іске қосқанын және оны іске қосқан сәттен бастап оған 4000-нан астам пайдаланушы келгенін атап өтті.

ҚР Тұрақты өкілі сондай-ақ Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін нығайту үшін Транскаспий маршрутының шешуші рөлін белгілегенін және елдің Еуразияның транзиттік торабы ретіндегі ұстанымын нығайту міндетін қойғанын хабарлады. Атқарушы директор П. Коук-Гамильтон өз кезегінде «Орта дәліз» көлік бағытын дамыту шеңберінде сауда рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша ХCО-ның техникалық көмек көрсетуге дайындығын білдірді.

Кездесу соңында Тұрақты өкіл Ж. Айтжан ХСО сарапшыларына Ready4Trade Central Asia жобасы аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігіне ұсынылған электрондық сауда саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлегені үшін алғысын білдірді.

Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде неғұрлым тиімді және инклюзивті сауданы ілгерілету, сондай-ақ таяудағы жылдары нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында ХСО-мен ынтымақтастықты жалғастырады.