
Женева, 2023 жылғы 13 шілде – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы және Халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан Халықаралық стандарттау ұйымының (ИСО) Бас хатшысы Серхио Мухикомен кездесу өткізді.
Тұрақты өкіл Ж. Айтжан Қазақстанның ИСО-мен ынтымақтастықта жүргізіп жатқан жұмысына назар аударды. Атап айтқанда, Ұйымның халықаралық стандарттары негізінде Қазақстанда 3000-ға жуық ұлттық стандарттар қабылданды, сондай-ақ ҚР сарапшылары ИСО-ның 140-тан астам халықаралық техникалық комитеттерінің жұмысына белсенді қатысады.
Сонымен бірге, Елші Ж. Айтжан Қазақстан сарапшылары әзірлеген халықаралық стандарттар жобаларын ілгерілету мақсатында техникалық реттеу саласындағы тиісті қазақстандық ведомстволардың өкілдері үшін ИСО Техникалық көмек бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда арнайы оқытуды ұйымдастыруды ұсынды.
Бас хатшы С. Мухико өз сөзінде ИСО мүшесі ретінде Қазақстан өз елінің экономикасының мүдделерін ескере отырып, халықаралық стандарттарды әзірлеуге және тұтастай алғанда халықаралық стандарттауды дамытуға белсенді қатысатынын атап өтті.
Бас хатшы С. Мухико сондай-ақ ұлттық заңнаманы және мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде пайдаланылатын халықаралық стандарттарды әзірлеу саласындағы ИСО қызметімен, сондай-ақ кең ауқымды оқыту және техникалық көмек бағдарламалары арқылы мүше елдердің кадрлық әлеуетін арттыру жөніндегі ИСО жұмысымен таныстырды.
Әңгімелесушілер Қазақстан мен ИСО арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйіне, 2023 жылғы 18-22 қыркүйек аралығында Брисбен қаласында (Австралия) Ұйымның жыл сайынғы жиналысына, ИСО Кеңесі мен Техникалық басқарушы бюросының қызметіне және т. б. қатысты пікір алмасты.
Жалпы, ИСО қатысушылары 168 мүше ел болып табылады. ИСО стандарттары бүкіл әлемде және технологиялар мен бизнестің барлық аспектілеріне қолданылады. ИСО портфельде бүгінде экономиканың барлық салаларын қамтитын 24000-нан астам стандарт бар. Бұл ретте, ИСО құрамына 250 техникалық комитет және 510-ға жуық кіші комитет кіреді.