Әділет министрі А. Есқараев бастаған Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры Д. Тангпен кездесу өткізді

Әділет министрі А. Есқараев бастаған Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры  Д. Тангпен кездесу өткізді

Женева, 5 шілде 2023 ж. – Кездесу барысында Министр Қазақстан үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және ДЗМҰ осы саланы жаһандық басқарудағы рөліне қолдау көрсету маңызын атап өтті. Ол ДЗМҰ сарапшыларымен тәжірибелік ынтымақтастықты тереңдетуге еліміздің дайын екенін мәлімдеді. Мысалы, өткен жылы Қазақстан патенттерді, тауар белгілерін және өнеркәсіптік үлгілерді тіркеу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылдады.

А.Ескараев, сондай-ақ, Қазақстанның Марракеш шартына және Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісіміне жақын арада қосылуы туралы хабарлады. Сонымен қатар, Қазақстанда зияткерлік меншікті дамыту бойынша нақты қадамдарды қамтитын үш жылдық кезеңге арналған Жол картасы бекітілді.

Министр ДЗМҰ өкілдеріне Қазақстанда өсірілетін алманың бірегей дәмді әрі хош иісті «апорт» сұрпымен таныстырды. Алманың бұл сұрпын географиялық көрсеткіш ретінде тіркеу өнімді қорғауға және ілгерілетуге ықпал етеді, бұл, өз кезегінде, ауылдық аймақтарды дамыту және өндірушілерге қолдау көрсету үшін нарықта артықшылықтар беріп, жалпы алғанда, экономикалық өсім мен Қазақстанда туризмді дамытуға ықпал етеді.

Сондай-ақ, Министр ДЗМҰ-мен бірлесіп, Қазақстанда Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын құру жөніндегі жоба белсенді дамып келе жатқанын, оның шеңберінде Қазақстанға мамандандырылған патенттік ақпаратқа еркін қол жеткізу мүмкіндігі берілетінін мәлімдеді.

2022 жылғы шілдеде Қазақстан алғаш рет ДЗМҰ жазғы мектебін қабылдағанын, ал биылғы қыркүйекте Алматы қаласында ДЗМҰ Екінші Жазғы мектебінің өтетінін айтты.

Өз кезегінде, ДЗМҰ Бас директоры Д.Танг ДЗМҰ сарапшылары зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша сот жүйесінің, құқық қорғау органдарының және кеден қызметінің қызметкерлері үшін арнайы оқыту жүргізуге дайын екеніне сендірді.

Қорытындысында, тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және Қазақстан Республикасының инновациялық және экономикалық дамуына ықпал ететін жобаларды бірлесіп іске асыру туралы уағдаласты.