Женева, 2023 жылғы 6 шілде – Қазақстанның ДСҰ және басқа да халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан Әзірбайжанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобының он бесінші отырысында сөз сөйледі.
Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Ж. Айтжан Әзербайжан Үкіметінің сауда саясатын ырықтандыруды, кедендік рәсімдерді жаңғыртуды және транспарентті нормативтік-құқықтық базаны құруды қоса алғанда, ДСҰ-ға кіруге дайындық шеңберінде атқарған ауқымды жұмысын атап өтті. Қазақстан сондай-ақ соңғы жылдары зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар және елдің бәсекелестік саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру саласындағы жетістіктерді құптады.
Тұрақты өкіл Ж. Айтжан ағымдағы жылдың наурыз айында ДСҰ Бас кеңесінің отырысы барысында Қазақстан Әзірбайжанның Ұйымға кіру үдерісіне өз қолдауын білдіргенін мәлімдеді. Бұл ретте Қазақстан Елшісі Әзірбайжан үшін ДСҰ-ға кіруі Ұйымның ережелері мен стандарттарын ұстануды, кемсітусіз негізде қолданылатын елдің сауда саясатының ашықтығы мен транспаренттігін растауды білдіретінін атап өтті.
Өз сөзінің соңында ҚР Тұрақты өкілі Қазақстан еркін сауданы ілгерілету мен орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі ДСҰ-ның маңыздылығын мойындайтынын және Әзірбайжанның Ұйымға кіруі біздің елдеріміз бен тұтастай өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосатынына нық сенетінін мәлімдеді.