Қазақстандық делегация «Игілікке арналған жасанды интеллект» ХТО саммитіне қатысты

Қазақстандық делегация «Игілікке арналған жасанды интеллект» ХТО саммитіне қатысты

Женева, 2022 жылғы 6 шілде - Халықаралық телекоммуникация одағы (МӘС) ұйымдастырған «Игілікке арналған жасанды интеллект (ЖИ)» саммиті өтті. Бұл іс-шара үкіметтің, азаматтық қоғамның және халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы инноваторлар мен инвесторларды жинады. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин бастаған қазақстандық делегация да осы әлемдік ауқымдағы іс-шараға қатысты.

Айта кету керек, 2017 жылы құрылған «Игілікке арналған ЖИ» жаһандық саммиті Женевада 2019 жылдан бері алғаш рет бетпе-бет кездесу форматында өткізілуде. Іс-шараның мақсаты ЖИ-ні реттеу және дамыту мәселелерін талқылау, сондай-ақ жаңа жобалар құру және серіктестік қатынастарды дамыту үшін байланыстар орнату үшін алаң ұсыну болып табылады.

ҚР ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан жасанды интеллекттің заманауи мүмкіндіктеріне және ЖИ-нің қатысуымен ұштасқан болашақты талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысына қатысты. Атап айтқанда, талқылаушылар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі басқару, елдер арасындағы цифрлық алшақтық және бұл жолдағы ЖИ-нің үлесі мәселелерін көтерді.

ҚР Тұрақты өкілі өз сөзінде Қазақстанда түрлі салаларда жасанды интеллектті қолдану мысалдарын келтірді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтер мен банктер үшін биометриялық сәйкестендіру, инсультті талдау және денсаулық сақтау саласындағы қатерлі ісік қаупін анықтау үшін кескінді өңдеу және жол қозғалысын ЖИ арқылы басқару туралы айтылды. Көптеген деректер базаларын интеграциялау және деректерді талдау арқылы ҚР Үкіметі азаматтардың өтінішін қажет етпей-ақ проактивті мемлекеттік қызметтерді ұсынады. Азаматтардың қоғамдық жағдай ерекшеліктерін ескере отырып, 40-тан астам мемлекеттік қызмет түрлері белсенді түрде көрсетіледі.

Сөз соңында ҚР Тұрақты өкілі Ж.Айтжан ХТО - ға "best practices" - елдердің мемлекеттік реттеу және қоғам игілігі үшін ЖИ қолдану жөніндегі тәжірибесінің дерекқорын құруды ұсынды.

Өз кезегінде, вице-министр Асқар Жамбакин ХТО Бас хатшысының орынбасары Томас Ламанаускаспен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында вице-министр Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Ол Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметтің даму индексінде әлемде 28-ші орында және Оңтүстік Корея, Эстония және Сингапур сияқты елдермен қатар "онлайн-қызметтер" кіші индексі шеңберінде 8-ші орында тұрғанын атап өтті. Бұл елдің цифрлық үкімет саласындағы жетекші рөлін айғақтайды. Бас хатшының орынбасары өңірдегі Қазақстанды цифрландырудың көшбасшылығын атап өтіп, Қазақстанды ХТО алаңын пайдалана отырып, басқа елдерде цифрландыруды дамытуды өз тәжірибесімен қолдауға шақырды. Тараптар цифрландыруды дамыту жөніндегі ХТО жобалары шеңберінде өзара іс-қимыл жасауға уағдаласты.

Қорытындылай келе, А. Жамбакин еліміздің заманауи технологияларды дамытуға және әлемдік қоғамдастықтағы, әсіресе цифрландыру саласындағы өз рөлін нығайтуға ұмтылатынын атап өтті.