
Женева, 2023 жылғы 14 наурыз – Қазақстанның ДСҰ және басқа да халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан Өзбекстанның Премьер-Министрінің орынбасары - Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Джамшид Ходжаев бастаған делегациясын Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі отырыста қарсы алды.
Қазақстанның Тұрақты өкілі Өзбекстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі талаптарды орындаудағы жетістіктерін жоғары бағалады. Атап айтқанда, Өзбекстан делегациясы басшысының баяндамасына сәйкес, ДСҰ-ға кіру мақсатында қабылданған реформаларға валюта нарығын ырықтандыру, визасыз саясат, салықтарды азайту, лицензиялар мен рұқсаттардың күшін жою, көптеген тауарлар мен қызметтердің бағаларын мемлекеттік реттеудің күшін жою және т. б. шаралар кіреді.
ҚР Тұрақты өкілі Қазақстан ДСҰ-ның еркін сауданы ілгерілетудегі және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі маңыздылығын мойындайтынын және Өзбекстанның ұйымға кіруі өңірдегі сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға да елеулі үлес қосатынына нық сенетінін атап өтті.
Ж. Айтжан сонымен қатар сауда саясатын ырықтандыруды, кедендік рәсімдерді жаңғыртуды және ашық нормативтік-құқықтық базаны құруды қоса алғанда, ДСҰ-ға кіруге дайындық шеңберінде Өзбекстан үкіметінің атқарған үлкен жұмысын атап өтті. Ол, сондай-ақ, соңғы жылдары зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар және елдің бәсекелестік саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру саласындағы жетістіктерді құптады.