АҚШ Конгресіне Джексон-Вэник түзетуін жою туралы заң жобасы енгізілді

АҚШ Конгресіне Джексон-Вэник түзетуін жою туралы заң жобасы енгізілді

Вашингтон, 2025 жылғы 6 ақпан – Конгрессмен-демократ Джимми Панетта (Калифорния) екі партияның қолдауына ие болған H.R.1024 «АҚШ–Қазақстан Саудасын Жаңғырту туралы» заң жобасын ұсынды. Бұл құжат Джексон-Вэник түзетуін жою және Қазақстанмен Тұрақты қалыпты сауда қатынастарын (PNTR) орнату мәселесін қарастыру үшін АҚШ Конгресінің саудаға жауапты негізгі органы – Өкілдер палатасының Табыс көздері мен қаражат комитетіне енгізілді.

Қазақстанға PNTR мәртебесін беру қажеттілігін сегіз конгрессмен қолдады: Дина Тайтус (демократ, Невада), Эми Бера (демократ, Калифорния), Том Суоззи (демократ, Нью-Йорк), Роберт Адерхольт (республиканец, Алабама), Дэрин Лахуд (республиканец, Иллинойс), Бет Ван Дайн (республиканец, Техас), Клаудиа Тенни (республиканец, Нью-Йорк) және Кэрол Миллер (республиканец, Батыс Вирджиния).

Дж.Панеттаның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде заң жобасының авторы Қазақстанға PNTR мәртебесін беру «экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және жаһандық бәсекелестік артып отырған жағдайда тұрақты әрі тәуелсіз Қазақстанды қолдауға ықпал ететінін» атап өтті. «Бұл маңызды сауда серіктестігін XXI ғасыр деңгейіне шығаратын уақыт жетті», – деді.

Табыс көздері мен қаражат комитетінің беделді мүшелерінің бірі Д.ЛаХуд бұл заң жобасы «Қырғи қабақ соғыс дәуіріндегі ескірген сауда шектеулеріне нүкте қойып, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің неғұрлым қарқынды дамуы мен өркендеуіне жол ашады» деп мәлімдеді.

Өкілдер палатасының мүшелері Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика екенін, аймақтың ЖІӨ-нің үштен екісін құрайтынын ерекше атап өтті. Ел жаһандық энергетикалық тізбектерде маңызды рөл атқарып, әлемдік уран өндірісінің 43%-ын қамтамасыз етеді және стратегиялық маңызы бар сирек кездесетін жер элементтерін жеткізуші елдердің бірі болып табылады.

Астананың АҚШ-пен сауда қатынастарын жаңа деңгейге шығаруға «дайындығының» негізгі факторлары ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелігі, тұрақты экономикалық өсімі, екіжақты сауданың елеулі көлемі, елдің стратегиялық орналасуы, сондай-ақ сауда-логистикалық бағыттарды әртараптандыруда шешуші рөл атқаратын «Орта дәліз» жобасының маңыздылығы аталды.

АҚШ Конгресінің ұстанымы АҚШ Мемлекеттік хатшысының мәлімдемесімен үндеседі. 15 қаңтарда Сенаттағы тыңдау барысында Марко Рубио Қазақстанның АҚШ тарапынан нарықтық экономика ретінде танылғанын және ДСҰ мүшесі ретінде Джексон-Вэник түзетуінің барлық талаптарын орындағанын атап өтті. Ол Мемлекеттік департаменттің бұл маңызды мәселе бойынша АҚШ Конгресімен бірлесіп жұмыс істейтінін ресми түрде мәлімдеді.