АҚШ Конгресінде Қазақстан Тәуелсіздік күнінің маңыздылығы аталып өтті

АҚШ Конгресінде Қазақстан Тәуелсіздік күнінің маңыздылығы аталып өтті

Вашингтон, 2024 жылғы 19 желтоқсан – Демократ-конгрессмен Джимми Панетта (Калифорния) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай және екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі екіжақты қарым-қатынастарды қолдау мақсатында АҚШ Конгресінің Ресми бюллетенінде мәлімдеме жариялады.

Өз мәлімдемесінде конгрессмен Тәуелсіздік күнінің тарихи маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған және оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын тұрақты түрде қолдап келе жатқан АҚШ-тың маңызды рөлін ерекше атап өтті.

Ол Қазақстанның бейбітшілік, қауіпсіздік және экономикалық даму жолындағы күш-жігерін қолдауға дайын екенін растады. Сондай-ақ, конгрессмен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қуатты экономикасы бар, халықаралық беделі жоғары және АҚШ-пен берік екіжақты байланыс орнатқан мемлекетке айналғанын атап өтті.

Дж. Панетта Қазақстанның саяси және әлеуметтік реформаларға адалдығын атап өтіп, осы бағыттағы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш-жігерін жоғары бағалады.

«Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылықты қамтамасыз ететін күш және бейбітшіліктің кепілі болып, демократияға және батыстық құндылықтарға бейімділігін дәлелдеуде», – деді Конгрессмен Панетта.

Конгрессмен Қазақстанның жетістіктерін мойындау және АҚШ пен Орталық Азия арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстанмен Тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнатуды қолдайтынын мәлімдеді.